Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда KIMEP Job Fair 2026 мерейтойлық мансап жәрмеңкесі өтті

студенттер

9 сәуірде Республика сарайында өткен KIMEP Job Fair 2026 жәрмеңкесі үш онжылдық тарихы бар жобаның мерейтойлық іс-шарасы көпшіліктің назарын аударды. Уақыт сынынан өткен бастама бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі мансаптық алаңдардың біріне айналған.

Биылғы жәрмеңкеге 2200-ден астам адам алдын ала тіркелсе, соның 1200-ден астамы шара өтетін күні арнайы келіп, жаңа мүмкіндіктерге жол іздеді. Жастардың белсенділігі еңбек нарығына сеніммен қадам басуға деген ұмтылыстарын аңғартады.

Алаңға жиналған 108 жұмыс беруші компания экономиканың түрлі салаларын қамтыды. FMCG, қаржы, консалтинг, IT, мемлекеттік сектор мен халықаралық ұйымдардың өкілдері талапты жастарға өз мүмкіндіктерін таныстырды. Олардың қатарында Air Astana, Evrika, MARS секілді танымал компаниялардың болуы жәрмеңкенің беделі мен ауқымын айқындай түсті. Ірі ұйымдардың қатысуы жас мамандар үшін зор мотивация болды.

KIMEP Job Fair-дің биылғы ерекшелігі – оның ашық әрі университетаралық сипат алуында. Жәрмеңке тек KIMEP University студенттерімен шектелмей, SDU, Narxoz University және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастарын да бір алаңға біріктірді. Тіркелушілердің шамамен 35 пайызы өзге жоғары оқу орындарының студенттері болғаны жобаның бір университет шеңберінен әлдеқашан асып кеткенін көрсетеді.

студенттер

Шара мазмұны да дәстүрлі форматтан әлдеқайда ауқымды болды. Қатысушылар компания өкілдерімен тікелей сөйлесіп, шағын сұхбаттардан өтіп, жұмыс әлемінің тынысын сезінді. Ал Job Journey интерактивті бағдарламасы шараға ерекше серпін берді – студенттер арнайы белгілер жинап, бағалы сыйлықтарға ие болу мүмкіндігіне ие болды. Жоба серіктестері бағдарлама аясында Air Astana ішкі және халықаралық бағыттарға әуе билеттерін, KIMEP түлектері негізін қалаған Evrika компаниясы жеңімпаздарға заманауи гаджеттерді ойнатты.

Университет өкілдерінің айтуынша, "KIMEP Job Fair – жай ғана іс-шара емес, білім беру жүйесі мен еңбек нарығын өзара тоғыстыратын стратегиялық алаң. Жұмыс берушілер мен студенттер тарапынан байқалған жоғары қызығушылық осы форматтың өміршеңдігін, сондай-ақ жастардың мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызын айқын көрсетеді".

студенттер

Студенттер де жәрмеңкенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Олар компаниялардың көптүрлілігіне, ыңғайлы қарым-қатынас форматына және алған тәжірибелік пайдасына оң бағасын берді.

1996 жылдан бері осы жобаның бастауында тұрған KIMEP University Career Center бүгінде студенттер, түлектер мен жұмыс берушілер арасындағы алтын көпірге айналды. Ал мерейтойлық KIMEP Job Fair 2026 білім мен еңбек нарығын жақындастырып, жастардың кәсіби болашағына жол ашатын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 16:59