Алматыда күйеуімен ажырасқан әйел екі айдан бері балаларымен далада түнеп жүр
Алматыда екі айдан бері кәмелеттік жасқа толмаған екі бала далада түнеп жүр. Жанындағы шешесі оқу жылы басталғалы бері бір ай өтсе де, екінші сыныпқа баруы тиіс қызын әлі мектепке апармаған. Тұрғылықты мекен-жайы жоқ қаңғыбастардың күнін кешіп жүрген балғындарды журналистер іздеcтіріп көрген еді.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Көрермендер жіберген бейнежазбада күтімі жоқ екі баланың далада, шаң-топырақ пен арам шөптің ортасында отырғаны көрініп тұр. Қастарында ештеңе сезбей, ұйықтап жатқан анасы сияқты. Балалардың ересегі 7 жасар Жұлдызай, ал 4 жасар ұлдың аты Айбар екен.
«Қалқаман» ықшам ауданындағы ағып жатқан шағын ғана өзеннің саясын балалардың пана тұтқанына біраз болған. Аналары лас өзен суына кірлерін жуып, тура сол жерде шәй қайнатып береді екен. Ал мына ағаштың түбіне киімдері мен ойыншықтарын тығып қойған.
«3-4 семья келіп отырады осында. 1-2 әйел бар арасында, 3-4 бала бар, майда-шүйде бәрі. Мектеп жасындағы, мектепке бармайтыны да бар. Осы кірлерін жуып, мына сеткаларға іліп қоятын. Сөйтіп жүретін олар», – дейді куәгер Риат Сәдуақасов.
Бұл жерде ішімдікке жақын адамдар жиі жиналады. Қазірдің өзінде жерде екі адам алаңсыз ұйықтап жатыр. Біз екі баласы бар отбасыны да осы маңнан таптық, күс-күс қолдарымен нан жеп отыр екен.
-Мектептке барып па еді бұрын қызыңыз?
-Иә, барды.
-Қай мектепке барып еді?
– Бұрын ауылда оқып келген, былтыр.
– Райымбекте ма?
– Иә.
– Райымбектің өзінде тұрдыңыз ба Самал?
Самалдың өзінің айтуынша, бұрын Алматы облысы Райымбек ауданында тұрған, күйеуімен ажырасып, екі айдан бері балалармен қаңғырып жүр. Ал қасындағы азаматты балаларымның әкесі емес дейді. Жергілікті тұрғындар далада түнеп жүрген балаларды көріп полицияға да хабар беріпті. Алайда не полицияны, не тура түбінде тұрған №157 мектептің ұжымын балалардың тағдыры алаңдатпаған сияқты.
Жіберіп алмаңыз:
11 жасар баланың трамвай астына не үшін секіргені белгілі болды
Тоңазытқыштан табылған сәбилердің денесін Ташкенттен келген атасы алып кетті
Астанада пәтер ақысын төлей алмаған бойжеткен тәнін сатуға дайын екенін мәлімдеді