Алматыда автокөліктердің нөмірін ұрлап келген алаяқ мұнысын “қайырымды іс” деп бағалаған
Алматылық 22 жастағы жігіт түн уақытында көліктердің мемлекеттік нөмірлерін шешіп алып, оның орнына мазмұнды жазба қалдырып кетіп отырған. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сүйене отырып Stan.kz хабарлайды.
“Оның қалдырған жазбасының бірі А-4 форматындағы қағаздан табылған. Онда ол көлік иесінің мемлекеттік нөмірді қайтару үшін жасайтын әрекетін анықтап жазған. Сондай-ақ, ол бұл әрекетті игілікті іс ретінде жасайтынын да айтқан. Бірақ, жедел іздестіру шарасы барысында белгілі болғандай, қылмыстық жолмен келген ақшаны жұмыссыз ер адам жеке мақсатта жұмсаған. Төрт азамат қылмыскермен келісіп, оның талаптарын мүлтіксіз орындаған. Ал қалған адамдар болса бұл туралы тек полицияға хабар беру керек деп, дұрыс жолды таңдай алған. Осы ретте азаматтарға сіздер тек келісім жасау арқылы қылмыскердің қолын ұзартасыз және олардың басқа да қылмыстар жасауына жол ашып бересіз”, – дейді Бостандық аудандық полиция басқармасының басшысы Берік Әбілбеков.
Оның талаптары мынадай:
“Өз автокөлігіңіздің нөмірін қайтару үшін, сізге келесі талаптарды орындауға тура келеді:
- Киви-әмиянға 5000 теңге жіберу: Нөмірі: +7 747 343 22 10
- Құқық қорғау органдарына хабарласпау!
- Ақшаны жіберген кезде ұялы телефоныңыз бен нөмір белгісінің үш нөмірін жазып жіберу. Мысалы: 8 777 914 56 76 214
- Ақша 16.11.2016 күні сағат 22:00-ден кеш жіберілмеуі тиіс.
Ақшаны сіз кез-келген терминалдан жібере аласыз. Жоғарыдағы талаптарды орындағаннан кейін, сізге көлігіңіздің нөмірі жасырулы тұрған орынның толық мекен-жайы жіберіледі.
Талаптардың бірін бұзған жағдайда, сіз автоцон арқылы көп уақыт пен ақша жұмсап, қалпына келтіруге мәжбүр боласыз.
Өз кезегімізге сіздің нөміріңіздің қайтарылатынына 100 пайыз кепілдік береміз. Және ол ұрланған орынға жақын маңға жасырылады. Біз де адамбыз, сондықтан осындай жолмен ақша табуға түсіністікпен қарауыңызды сұраймыз. Бұл біз үшін қайырымды іс жасаудың бірден-бір жолы”, – деп жазылған.
Қазіргі таңда күдікті уақытша тергеу изоляторында отыр. Жақын арада сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, криминалды полиция күдіктінің басқа да қылмыстарға қаншалықты қатысы бар екендігін зерттеп жатыр. Егер қылмыскердің әрекетінен зардап шеккен азаматтар бар болса, мына нөмірлерге хабарласып шағым білдіре алады: 254-47-00 және 254-47-01.
Оқи отырыңыз:
«Ағайынды төртеу» немен айналысты: бандалық топ құрамында 300-ге жуық адам болған
Күйеуін өлтіріп алған келіншек сот залынан ақталып шықты
Ақтөбедегі мұнай ұрлығын салафиттерге қатысы бар қылмыс әлемінің атышулы серкесі басқарған