Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда үшем туған әйел көмекке мұқтаж

Алматыда үшем туған әйел көмекке мұқтаж. Бұған дейін 4 құрсақ көтерген көп балалы ана енді 7 баласымен жалдап отырған аядай бөлмеге бара алмайды. Оның үстіне, отбасыдағы жұмыс істейтін жалғыз отағасының табысы пәтер ақысы мен тамағынан артылмайды.

E7BA918E-13E0-4A0F-8FBD-94B139E9447E_w1023_s_s

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

Тұрмыс тауқыметін көрген отбасы Түрксіб ауданында тіркеуде тұр. Олар жергілікті әкімшіліктен талай рет көмек сұрап барған. Алайда, ондағылар қолдан келер қайран жоқ деп шығарып салыпты.

Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. 38 жастағы алматылық Мария Нурулаева бір жеті бұрын жарық дүниеге келген үшеміне осындай ерекше есім беріпті. Ата-анасы үшемдер үш жүздің басында тұрып, аты мәшһүр болған адамдардай ырзық-несібесі мол болсын деп ырымдаса керек. Өйткені, қазір отбасының тұрмыс тауқыметі тым нашар. Бастарында баспанасы, одан қалса табыс көзі де жоқ. Бұған дейін 4 құрсақ көтерген ана, үлкен қыздарын асырауға шамасы жетпей шалғайдағы туыстарының үйіне оқуға жіберіпті. Ал, үшем босану ойда болмаған, тек Алланың сыйы деп біледі.

«Үкіметтен, әкімшіліктен сәл де болса жәрдем, қол ұшын созса деп сұраған едік. Өткенде, күйеуім 2 рет барды Түрксіб әкімшілігіне. Қолдан ештеңе келмейді деп шығарып салды. Үш бала келеді деп ойлаған жоқпын, бірақ Құдайдың берген сыйы шығар деп ойлаймын өзім. Дәрігерлердің арқасында балаларым да өзім де аман-есенмін. Осы дәрігерлерге өте қуаныштымын, жақсы қарады. Әлі жақсы қарап жатыр», – деді Алматы облысының тұрғыны Мария Нұрулаева.

Жаратқанға шүкіршілік айтып, сәбилерінің амандығын тілегіннен басқа алтын құрсақты ананың қолынан келер шара жоқ. Отағасының ай сайын тапқан 50 мың теңгесі мен 4 балаға алатын 9 мың теңге жәрдемақыға ғана күн көруге мәжбүр. Көп балалы отбасы қалада тіркеуде тұрғанмен, пәтер ақысын қымбатсынып Талғар ауданына қоныс аударыпты. Оның өзінде туыстарының үйін жалға алып жан сауғалап жүр.

E7BA918E-13E0-4A0F-8FBD-94B139E9447E_w1023_s_s

«Жоспарлы түрде операция жасалынды. Операция кезінде ешқандай асқыну болған жоқ. Босанудан кейін де асқыну болған жоқ. Жалпы жағдайы жақсы, 2 баласы науқастың қасында жатыр. Үшінші баласы қазір нәрестелердің патология бөлімшесінде жатыр. Жалпы жағдайы жақсы, қазір шығаруға дайындап жатырмыз», – деді Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Талғат Патсаев.

Дәрігерлер үшемдерді үйлеріне шығарғанмен, барар үй, басар тауы болмай отыр. Отбасы жалға алып тұрып жатқан баспана өте тар көрінеді. Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар Мария Нұрулаева «Алтын алқамен» марапатталатынын, әрі тиісті жәрдемге қол жеткізе алатынын жеткізді. Ал, тиісті құжаттар жинаса мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй де қарастырылғанын алға тартты.

«Қазақстан Республикасының мемлекетттік наградалар туралы 28-бабына сәйкес, «Алтын алқа» наградасымен 7 баласы бар және осы ананың жетінші баласы 1 жасқа толған, әрі қалған балалары тірі болған кезде жүзеге асырылады. Яғни, осы жетінші баласы 1 жасқа толғаннан кейін ол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөліміне жүгіне алады.

Аталған заңның 36-бабына сәйкес «Алтын алқамен» марапатталған азаматтар бірінші кезекте тұрғын үй алаңымен қамтамасыз етіледі», – деді Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы Әлия Үйсімбаева.

Мамандар Мария Нурулаеваның мемелекеттік бағдарламамен баспанаға құжат жинауы үшін кем дегенде әлі жыл күтуіне тура келетінін жеткізді.

Жіберіп алмаңыз:

Қарақалпақстанда тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі (фото)

Науқас қыз тексеру кезінде қыздығынан айырған дәрігерді сотқа берді

Жолаушысын жасыл дәрімен жуынуға мәжбүрлеген қостанайлық таксист сотта жауап береді

Талқылау