Алматы облысының ең үздік ұстазы пәтерінен қуылып жатыр
Алматы облысында сот «Жыл мұғалімі» байқауы жеңімпазының баспанасын тартып алу туралы шешім шығарды. Қалалық әкімдіктегілер мектеп ұстазы Нұрлан Нұрбаевтың Талдықорғанда тұрмайтынын айтып, шағым түсірген еді, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Ең қызығы, бұл баспананың кілтін 2012 жылы үздік атанған мұғалімге сол кездегі аймақ басшысы өз қолымен ұстатқан. Енді ұстаз білім берудің орнына шенеуніктермен дауласуға мәжбүр.
Осыдан бес жыл бұрын Нұрлан Нұрбаев мұғалімдер арасындағы байқаудан жеңіп шығады. Сол кездегі облыс әкімі, қазіргі сенатор Аңсар Мұсаханов екі бөлмелі пәтер кілтін қолына ұстатқанда қатты қуанған. Енді сол сыйлықты шенеуніктер тартып алып жатыр.
«Бұл пәтер мәселесі әрбір ұстаздың арманы десе де болады. Бұл үлкен еңбекпен келген нәрсе. Менің мақсатым осы өз еңбегіммен келген пәтеріме қандай жағдай болса да қол жеткізіп, өзімде қалдыру», – дейді «Жыл мұғалімі-2012» байқауының жеңімпазы Нұрлан Нұрбаев.
Әкімдіктегілер Нұрланның Талдырқорғанда тұрмай, ауыл мектебіне директор болып кеткенін желеу етіп сотқа берген. Қалалық сот баспананы ұстаздың меншігінде қалдыру керек десе, апелляциялық сатыда шешім керісінше шығыпты.
«Соттың алғашқы отырысында жауапкердің Шеңгелді ауылындағы мектепте директор екені белгілі болды. Ол Талдықорған қаласында тұрмайды. Тек қана 2017 жылдың 28 шілдесінде тіркеуге алынған. Пәтері жекешелендірілмеген. Келісім-шарт бойынша отбасымен басқа жаққа көшкенде баспанасы кері қайтарылуы керек», – дейді Талдықорған қалалық прокуратурасының қызметкері Айсұлу Бүркімбаева.
Өздері сыйлаған пәтерді тартып алмақ болған әкімдіктегілердің қылығына Нұрланның әріптестері де ашуланып отыр. Ұстазды ұлықтаудың орнына, мазақ қылғаны үшін мектеп ұжымы қол жинауға кірісіпті.
«Мұғалімнің беделін арттыру мақсатында өткізілген сайыстардан басында беріп, аяғында алып алу деген ол ешқандай көңілге қонымсыз нәрсе. Бұл біріншіден. Екіншіден біздің артымызда келе жатқан болашақ ұрпаққа деген біз өзімізді сенімсіздік оятып отырмыз. Ол мұғалімдерді қолдау мақсатында берілген дүние қалу керек», – дейді Шеңгелді орта мектебінің мұғалімі Алмагүл Найзабекова.
Облыстық білім басқармасындағылар да осы дауға алаңдайтынын айтады. Тіпті, сотқа тағы шағымданғалы отырған Нұрлан Нұрбаевқа құқықтық қолдау көрсетуді өз мойындарына алмақшы.
Оқи отырыңыз:
Шымкентте бір отбасы газдан уланып қайтыс болды
Оралда әйел жүріп бара жатқан автобустан түсіп қалып, екі аяғын сындырып алды
Петропавлда 103 жылдық тарихы бар үйдегі 16 отбасы үреймен өмір сүруде
Қайрат Түнтеков 4 жылдан бері фонограммамен өтетін концерттерден бас тартып келген