Алматы облысында төсегінде жатып темекі шеккен тұрғын ажал құшты
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек ауылында үй өртеніп, бір адам қаза тапты. Өртке марқұмның төсекте жатып темекі шегу себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер аталған орынға уақытында жетіп, өртті дер кезінде ауыздықтады.
«Оқиға орнынан үйдің иесі 1951 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Тұрғын үйді қарау барысында өрттің үй иесі жатқан төсектен басталғаны анықталған», – делінген баспасөз баянында.
Айта кетерлігі, тексерулер барысында үй иесінің плевритпен науқастанатыны, ұзақ уақыт бойы төсекте жататыны да белгілі болды.
«Алдын ала қорытындылар бойынша өрттің шығуына төсекте жатып темекі шегу себеп болуы мүмкін. Дегенмен, оқиға орнында қазіргі күні Еңбекші қазақ ауданы ІІБ жедел тергеу тобы жұмыс істеуде», – делінген баспасөз баянында. Осыған байланысты, өртке қарсы қызмет төсекте темекі шегу – өрт қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзуға жататынын, оның адам өмірі үшін аса қауіпті екенін еске салады.
Жіберіп алмаңыз:
Алматы облысында ер адам Халыққа қызмет көрсету орталығынан шыға сала көз жұмды
Атырау қаласындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімін өлтіріп кетті