Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында полицейлердің сылбырлығына ашынған тұрғындар ұрыларды өздері іздеуге кірісті

Дәніккен ұрылар діңкелетті. Алматы облысының Қараой ауылының тұрғындары соңғы бір жылдың ішінде 200- ге жуық үй тоналғанын айтады. Бертінде тапа-тал түсте бір күнде жеті баспанаға ұры түсіп, астан-кестенін шығарған, деп хабарлайды КТК.

Облыстық ішкі істер басқармасындағылардың айтуынша,  соңғы екі айда Қараой ауылында 10 үй тоналған.  Тіпті соның ішіндегі төрт дерек бойынша қылмыскерлер ұсталса да, ұрлық тиылмай тұр.

Жәнібек Кірқабақовтың ұрылыр үйін тып-типыл етіп тонағалы қабағы кірбің тартқан. Алтыннан бастап, техникаға дейін түк қалмай қолды болған. Іле-шала полицияға шағымданғанмен, іс әлі күнге жартастай орнынан жылжымаған.

“Үйреніп алды, бұл жерге дәндеп алды. Осы жерден шықпайды. 200 үйдей тоналды бұл жерде. Оны жарытып айтпайды ешкім, 15-20 деп жүр  ғой бәрі”, – дейді  Қараой ауылының тұрғыны Жәнібек Кірқабақов.

Қараой ауылында қылмыс соңғы бір жылда өршіген. Көпшілік үйде күндіз адам болмайтынын пайдаланған ұрылар арам ойларын оп-оңай жүзеге асырып, талай отбасыны қан қақсатып, зар жылатып келеді.. Тұрғындар олар топпен жүреді деп топшылап отыр.

“Ұлымның киімінің қалтасынан алып кеткен 2 млн ақшаны”, – дейді Қараой ауылының тұрғыны Қаникен Жұмақанова.

“Екі-үш ай өтті, ешқандай ұсталған ұры жоқ. Ешқандай көмек жоқ, халықтың бәрі жылап отыр осылай. Енді кімнен көмек сұрайтынымызды да білмейміз”, – дейді Қараой ауылының тұрғыны Жәмила Атабаева.

Жаяудың шаңы шықпас. Қараойға бекітілген жалғыз учаскелік полицейдің ұрыларды ұстамақ түгілі, ауылды аралап шығуға уақыты жетпейді. Тұрғындар мәселелерін жергілікті әкімдікке жеткізген. Олар болса керісінше, халықтың өзі ұрыны ұстауға көмектессін деп қарап отыр.

-Соңғы санақ бойынша Қараойдағы халық саны 6 мыңнан асып жығылады. Бұл елді мекеннің тыныштығын қорып, тәртібін сақтауға әзірге жалғыз ғана учаскелік полицей жауапты. Егер де аудандық, облыстық ішкі істер басқармасы бұл мәселеге араласып, полицейлердің санын арттырмаса ұрлық-қарлық көбеймесе азаймайын деп тұр.

Тағы оқыңыз:

Алматы облысында 5 баласы бар отбасы күйеуінен зәбір көрген 2 келіншек пен 14 баланы асырап алған

Мектеп әрі жатақхана: Астанада бір ғимаратта он отбасы өмір сүріп, жүздеген оқушы білім алады

ШҚО-да тасыған өзеннің арғы бетінде қалған 7 адам 3 күн бойы сонда түнеген

Талқылау