Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 80 жастағы ақсақал қасқырды соғып алды

Сарыжаз ауылында тұратын Қонысбай ата биыл сексен жасқа келді. Әлі де ширақ әрі сергек қария жуырда қасқыр соғып алған.

Алматы облысында 80 жастағы ақсақал қасқырды соғып алды

Бұл туралы «Жетісу» басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Қонысбай ақсақалдың айтуынша, соғып алған түлкі санында есеп жоқ. Ал қасқыр саны 4-еуге жетеді екен.

«Ұстаған түлкіде есеп жоқ. Ал жалпы 4 қасқыр ұстадым. Екеуін бүркітім алды. Екеуін жүйрік атыммен қуалап жүріп соғып алдым», – дейді Қонысбай ақсақал.

Таяуда ақсақал қыстаудан үйіне қайтып келе жатып, жолай құнанды жайратып салған 3 қасқырды кезіктіріп, біреуін соғып алыпты. Қонысбай ақсақалдың соғып алғаны қасқырдың төбеті болып шыққан.

«Күн ашық. Ауа райы қолайлы мінез танытып тұрған еді. Әрдайым жараулы күйінде тұратын Қаракер жорғаммен қыстаудағы үйге бет алғам. Мына бір орайы келген сәтті қараңыз, ауылдасым Қуатбек Өскенбаевтың құнанын жайратып, қарындарын тоқтап алған үш қасқырға кезіктім. Екі қасқыр Қарасаз өңіріне қарай қашты. Біреуі тауға қарай Баяусайға қарай тартты. Тауға тартқанын бәйгеторыммен қуалап соңына түстім. Бастырмалата қуып жетіп, Кеген өзенінің бойына қарай қайта қайырдым. Сөйтіп, сойылыммен соғып алдым. Ең бастысы, қасқырдың тоқтығы қолайлы әсер етті. Мен қуған сайын ол кесек-кесек етті құсып отырды. Бастан 3-4 рет ұрып құлаттым. Қасқырдың төбеті екен. «Абыройлы жігітке ажалды аң кезігеді», «Ер жолдысынан ат жолдысы» деген. Сөйтіп, олжалы болдым, қарағым, – дейді Қонысбай ата болған жайды әңгімелеп.

Ұлы даламызды сан ғасырдан мекендеп келе жатқан халқымыздың атбегілік әрі құсбегілік өнерін серік етіп келе жатқан Қонысбай атамыз төрт кітапқа арқау болыпты. Дәл осы Сарыжаздан шыққан қаламгер Нұртан Төлепбергенұлы атамыздың тамаша өнері жайлы «Бапкер» атты кітабын жазған. Жазушы Данияр Әлбозымның «Қазақтың саңлақ бүркітшілері» атты туындысы негізінен Монғолия, Қырғызстан, Қазақстан және Қытайда тұратын қазақ бүркітшілеріне арналған. Дәл осы кітапта Сарыжаз ауылында тұратын үздік бүркітші Қонысбай Рамазанов туралы сыр шертіледі. Бұл да өмірі өнегеге, ғұмыры тағылымға толы қарттың жиған-тергеніне, еткен еңбегіне, бойына біткен қастерлі өнеріне көрсетілген құрмет іспетті. Сол еңбегі, ат спортын дамытуға қосқан үлесі үшін  Қонысбай ата өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі тұсында Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Халқы қуанды. Көптің көңілі жұбанды. Атамыздан 5 қыз, 5 ұлы қанаттанған. Бәрі де бір-бір шаңырақ иелері. Қонысбай ата ұрпағымен өсіп-өркендеп, жиырмадан аса немересін, оннан аса шөбересін сүйіп отырған бақытты қария.

 

Талқылау