Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Almaty Cyber Games International 2025: Киберспорт – болашаққа жасалған инвестиция

Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі киберспорт жарысы – халықаралық Almaty Cyber Games (ACG) International 2025 турнирінің финалы өтті.

Турнир Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжанның ең үздік ойыншылары мен командаларының басын қосты.

Осы маусымның финалдық кезеңі 4 қазанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Қонақтар мен қатысушылар үш киберспорт түрі бойынша жарысты тамашалап, трибунадағы мыңдаған көрермен, интерактивті фан-аймақтар және серіктестердің ұсынған ұтыс ойындарына қатысты. Бұл шара тек спорттық сайыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға және қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берген ауқымды алаңға айналды. Турнир Қазақстанның киберспорт индустриясының халықаралық деңгейдегі әлеуетін айқын көрсетті.

Турнирді Алматы қаласы әкімдігінің цифрландыру басқармасы, ұлттық студенттік киберспорт қауымдастығы (NESA) және iPlay Esports платформасы бірлесіп ұйымдастырды. Жобаның бас серіктесі – жастар бастамаларын үнемі қолдап келе жатқан Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры. Турнир University Alliance of Science and Technology университеттер альянсы мен NNEF қоғамдық қорының қолдауымен өтті. Бұл альянсқа еліміздің жетекші жоғары оқу орындары: Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), Astana IT University, Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ), Халықаралық бизнес университеті (UIB) және Energo University кіреді.

"Киберспорт – қазіргі заманның шындығына айналып, технологиялар, интеллект және жастардың энергиясы бір жерде тоғысқан орны. Бұл – болашақтың мектебі. Онда жастар стратегиялық ойлауды, командалық жұмысты және өзіне деген сенімді үйренеді. Almaty Cyber Games – жай ғана турнир емес. Бұл – Қазақстанның өз киберспорт экожүйесін қалыптастырып, халықаралық алаңдар құрып, ел намысын әлемдік деңгейде қорғайтын чемпиондар тәрбиелей алатынын дәлелдейтін жоба. Алда бізді жаңа белестер мен үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін", – деді Ұлттық студенттік киберспорт қауымдастығының президенті Рахматулло Сайдуллаев.

Финалға шығу үшін төрт елдің киберспортшылары бақ сынады. Байқаудың онлайн кезеңі 23 тамызда iPlay Esports платформасында басталды, ал 6–12 қыркүйек аралығында Counter-Strike 2, Dota 2 және EA Sports FC 25  ойын түрлері бойынша ашық іріктеу өтті. Турнирдің жүлде қоры –  7 000 000 теңге, оның ішінде 1 000 000 теңге көрермендер арасында ұтыс ретінде ойнатылған.

ACG International 2025 финалының жеңімпаздары:

Counter-Strike 2: 1-орын – Team Novaq – 3 000 000 теңге; 2-орын – Allinners – 1 000 000 теңге

Dota 2: 1-орын – Omega Cyber Lounge – 700 000 теңге; 2-орын – Ban Monkey – 300 000 теңге

EA Sports FC 25: 1-орын – 1erdaaa – 500 000 теңге; 2-орын – Fenuma – 300 000 теңге; 3-орын – Kurt_Russel4 – 200 000 теңге

Жеңімпаздар ақшалай жүлделер алып, Қазақстан атынан ірі халықаралық киберспорт ареналарында елді таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

Жергілікті чемпионаттан халықаралық брендке

Осы жылы Орталық Азияда ең ірі киберспорттық турнирдің үшінші маусымы өтіп жатыр және шараның ауқымы өскенін атап өту қажет. Алғашқы маусымдарда халықаралық ынтымақтастықтың негізі қаланған болса, жаңа ACG маусымы бірнеше елдің ойыншыларын біріктіріп, аймақтағы киберспорт деңгейін көтеріп отыр.

Халықаралық чемпионаттан бөлек, биыл ACG аясында бірқатар басқа да маңызды іс-шаралар өтті. Көктемде ACG Students League 2025 студенттік лигасы және ACG Media & Cup 2025 кибертурнирі ұйымдастырылды. Бұл Қазақстандағы ең ірі жарыстардың бірі еді. Шара еліміздегі 34 жетекші жоғары оқу орнынан келген студенттердің, сондай-ақ танымал блогерлер мен стримерлердің басын қосты.  Бұл бастамалар жастардың киберспортқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетіп, осы салада карьера құрғысы келетін жас ойыншылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. 

Ойыннан да артық

Қазақстанда киберспорт бұрынғыдай қолжетімсіз емес. Мыңдаған жас қазақстандық видео ойындарға қызығушылық танытып отыр, ал ең мықтылары елді әлемдік ареналарда таныстырады. Оңтүстік Корея мен Жапония сияқты дамыған елдерде киберспорттық жарыстар қауымдық мәдениеттің, тіпті білім беру бағдарламаларының бір бөлігіне айналған. Бұл жаһандық тенденцияны түсіне отырып, қазақстандық мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдері киберспортты адами капиталды дамытудағы перспективалы бағыт ретінде қарастыра бастады.

ACG-тің бас серіктесі – Тимур Құлыбаевтың "Halyk" қайырымдылық қоры. Қор киберспортты қолдауды болашаққа жасалған инвестиция ретінде қарастырады.

"Киберспорт – білім мен технологияның тоғысқан нүктесі. ACG сияқты жобаларды қолдай отырып, біз жаңа буынның өсуіне, жобаларға белсенді қатысуына және өз мүмкіндігін ашуына мүмкіндік жасаймыз", – деп атап өтті қордың басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

Ол қатысушылар мен көрермендер арасында алдағы ірі әлем чемпионаттарының болашақ чемпиондары бар екеніне сенім білдіріп, жақын арада киберспорт Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілуі мүмкін деген болжам жасады.

"Halyk" қорының қолдауы ACG-ті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Тек жүлде қорының көлемі ғана емес, ұйымдастыру сапасына да өзгерістер енгізілді. 2025 жылы қор студенттік лига жарыстарынан бастап, халықаралық, ауқымды жарыстардың финалына дейін бірден бірнеше киберспорттық жобалардың бас демеушісі болды. Осы арқылы турнирлерге кәсіби инфрақұрылым жасалып, сапалы онлайн-трансляциялар және әрі қарай өсуге арналған ресурстармен қамтамасыз етілді.

ACG киберспорт клубтарын, жоғары оқу орындарын және бизнес құрылымдарын біріктіре отырып, елімізде және аймақтардағы киберспорттың тұрақты экожүйесін қалыптастырады. Бүгінде жобаның негізінде жастар үшін жаңа мансаптық траекториялар жасалып жатыр. Сондай-ақ кәсіби ойыншылар мен аналитиктерден бастап, трансляция продюсерлері мен турнир менеджерлеріне дейін мүмкіндіктер қарастырылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ACG International тек аймақтың ең мықты киберспортшыларын анықтап қана қоймай, Қазақстанның киберөндірісті дамытатын орталықтарының біріне айналып келе жатқанын көрсетеді. Республикадағы киберспорт әуесқойлардың хоббиінен маңызды қызмет саласына айналып, өз жұлдыздарын, аудиториясын қалыптастырып, бизнеске мүмкіндіктер ашуда. ACG 2025 маусымының қорытындылары Қазақстанның аймақтық киберспорт нарығында тренд қалыптастыратынын және чемпиондарды тәрбиелей алатынын көрсетті.

STAN.KZ
Сейсенбі, 07 Қазан, 2025 11:36
Талқылау