Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар екі тілде оқытатын мектепті уәде етіп орнына қазақ тілді білім ордасын салған BI Group-ке наразы

Алматылықтар үш тілде оқытатын BINOM мектептің орнына қазақ тілді білім ордасының салынғанына наразыФото: Тhreads.com/@dami_amal_

Алматыдағы Бигвилль Arena City-ден пәтер сатып алған қазақстандық BI Group құрылыс холдингінің уәде еткен екі тілде оқытатын мектептің орнына, жалпы білім беретін қазақ тілді мектеп салып бергенін айтып, шағымданды. Тұрғынның айтуынша, бұл пәтерді заманауи мемлекеттік мектепт үйдің жанында орналасады деп уәде еткендіктен сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дами Амал есімді желі қолданушысы әлеуметтік желіге жазба жариялап, көмек сұрады. Ол пәтер сатып алғанда BI Group құрылыс холдингі үйдің жанында үш тілде оқытатын BINOM мектебі бой көтеретінін айтып, уәде берген. Бірақ оның орнына жалпы білім беретін мектеп салынған.

“Нәтижесінде BINOM мектебі жоқ, орнына қарапайым жалпы білім беретін мектеп салды. Ол мектепте сабақтар тек қазақ тілінде өтеді. Қазақ тіліне қатысты ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ менің балалары орыс тілінде сөйлеседі, мектепте де орысша оқиды. Осылайша, орысша оқитын балалардың ата-аналары жиналып, білім басқармасына хат жолдадық. Бірақ бізге мектептің тек қазақ тілді болатынын айтты. Неге мен балаларымды үйден алыс орналасқан мектепке тасуым керек, неге үйдің жанындағы мектепке апара алмаймын? BI Group, уәделерің қайда”, – деп жазды ата-ана.

BI Group-тен уәдесін орындауды талап еткен қазақстандық пәтерді сатып алар кезде BINOM мектебі көрсетілгенін айтады. Ол макеттің суретін де берді.

“Бізде бар жалғыз нәрсе – осы суреттер ғана. Пәтерді сатып алған кезде дәл осы макет тұрған еді. Сол жерде бәрінің қандай керемет болатынын әдемілеп түсіндірді: қала ішіндегі қала, Алматыдағы осындай алғашқы жоба, барлығы ішінде – балабақшалар, мектептербір аттам жерде, жанында саябақ, сауда орталығы және тағы басқасы болады деп сендірді”, – дейді Дами Амал.

Алматылықтар үш тілде оқытатын BINOM мектептің орнына қазақ тілді білім ордасының салынғанына наразыФото: Тhreads.com/@dami_amal_

Балаларын алыс мектепке тасып, шаршаған ата-аналардың наразылығына BI Group құрылыс холдингі жауап берді. 

“Мектептің түрі, оқыту тілі және операторы туралы шешімді қала әкімдігі қабылдайды. Уәкілетті орган тарапынан “Жайлы мектеп” жобасын салу жөнінде мемлекеттік шешім қабылданды. Оқыту тілі немесе мектеп моделін анықтау құрылысты салушының құзіретіне жатпайды. Айта кетейік, жабдықталуы, инфрақұрылымы, оқу ортасының сапасы жағынан “Жайлы мектеп” BINOM мектептерімен деңгейлес. Жоба аясында заманауи кабинеттер, STEM және IT аймақтар, зертханалар, спорт кеңістіктері, қауіпсіз демалыс аймақтары мен шеберханалар қарастырылған”, – деп жауап берді құрылыс холдингі.

Сондай-ақ компания BINOM мектептері қазақ және орыс тілінде, яғни екітілді оқытуды көздейтінін атап өтті. Осылайша онда үштілді оқыту қарастырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

“Тұрғындар мектептің форматына қатысты өз ұсыныстары мен тілектерін тиісті мемлекеттік органдарға тікелей жолдай алады. Біз олардың алаңдаушылығын түсінеміз, бірақ соңғы шешім әкімдік құзырында”, – делінген жауапта.

Алайда желі қолданушылары ата-ананың мәселесіне үңіліп жатпады. Әйелдің қазақ тілді мектептің орнына, үш тілде оқытанын мектепті талап еткені желі қолданушыларының ашуын туғызды.

“Үйімнің жанында орыс тілді мектеп бар. Мен баламды 10 шақырым алыста орналасқан мектепке апарамын. Бірақ мен “мектеп қазақ тілді болу керек” деп жарияға жар салмаймын”, “Қазақстанда қазақ тілді мектеп ашылды, бірақ оны жауып тастауды талап  етіп жатыр. Ақырзаман деп осыны айт”, “Әрине, қай тілде оқысаңыз да өз еркіңіз, бірақ ондай жағдай сізге жасап беруге ешкім міндетті емес”, “Ресейге көшіңіз, барлық мектеп орыс тілді”, “Аралас мектепке қарсымын”, “Ешбір құрылыс компаниясы мектептің қай тілде болатынын айтпайды”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.

 

Айым Болатқызы
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 12:13