Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тауда өмір сүретін жабайы жануарлар Медеу жолдарына түсіп тұрғындарды шошытты

Фото: Видео кадрларынан скрин

Желіде алматылықтар әдетте тек биікте өмір сүретін, тау сиырларының қалаға жақын көлік жүретін жолға дейін түсіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғын желіде тау сиырларының тобыры жолдың қақ ортасымен өтіп жатқанын видеоға түсіріп жариялады. 

“Алматыға тау сиырлары қайдан келді және олар Медеуден төмен қарай қайда бет алды? Менің білуімше, олар әдетте 3000 метрден жоғары биіктікте өмір сүреді.
Сұрақ көп, жауап аз”, – делінген жазбада. 

Желі жұртшылығы да бұл жануарларды қала маңындағы әр түрлі жерлерден көргендерін алға тартты. 

"Мен де осы сұрақ. Әр таңғы алтыда бұлар біздің аула маңында жайылып жүреді", “Мен де Медеу жақтан бірнешеуін көргенмін”, “Оларды көп жыл бұрын әкелген, олар осында бейімделіп, қазір тауларда еркін жүреді”, “Бұларды осыдан 5-6 жыл бұрын таудан көрген едім", – жеп жазды пікір білдірушілер. 

Stan.kz тілшісі осы жайтқа байланысты Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу аудандық бөлімінен пікір сұрады.

“Бұл – тау сиырлары. Олар жеке адамға тиесілі болғандықтан, жауапкершілік те сол жеке адамға артылады. Әрине, бұл тау сиырлары біздің Ұлттық парк аймағында өмір сүреді. Иелері біздің аймақтағы жайылымға заңды түрде рұқсат алады. Ал олардың күтімімен өздері айналысады. Меніңше, тау сиырлары ауа райының жылуына байланысты төменге түскен. Әйтпесе әдетте олар тек тау биіктігінде тіршілік етеді. Бұлардың адамдарға зияны жоқ. Ал егер жолға шығып, көлік қозғалысына кедергі келтірсе, иесіне ескерту жасап, алдын ала аламыз”, – деді Ұлттық парктің Медеу филиалының директорының орынбасары Марғұлан Әжібеков. 

Фото: Желі кадрларынан

Жабайы тау сиырлары қайдан пайда болған

1990-жылдардың ортасында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері таулардағы фаунаны әртараптандыру үшін демеушілер көмегімен Қырғызстаннан 7 жас тау сиырын әкелді. Қызметкерлер алдымен оларды төменгі тау баурайында бақылауда ұстап, бейімделуге көмектесті. Кейін оларды орман шаруашылығы аумағында еркін жүріп-тұруға жіберді. Эксперимент сәтті шықты.

Тау сиырларды табиғи метеорологтар деп те атап жатады. Себебі олар тау басында қар жауатынын алдын ала болжап төмен түседі. Көбіне олар Медеу мен Бутаковка аймағына барады. Мұнда оларға азық табу оңайырақ. Сондықтан оларды көбіне қыс айларында кездестіруге болады. Ал жазда олар Шымбұлаққа, Қимасар шатқалына және Мыңжылқы төбесіне көтеріледі.

Жабайы тау сиырларының бір тобы соңғы кездері Бутаковка, Медеу және Шымбұлақ маңында жиі көріне бастады. Туристер таңғалып, жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп жүр. Тау сиырлары адамдарға шабуыл жасамайды және әдетте тыныш болады. Бірақ олар жабайы жануарлар қатарына кіреді. Оларға тым жақындамаған жөн. Шуламай, сигнал бермей, ұстауға тырыспау керек. Егер олар қорқып кетсе, бұқа өз тобын қорғауға кірісуі мүмкін. Ең дұрыс әрекет – қашықтан бақылап, өмірлеріне кедергі жасамау. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 16:59