Алматылықтар енді зираттан орынды онлайн таңдауына болады

Алматыда енді зираттағы орынды онлайн таңдауға және алдын ала брондауға болады. Қала тұрғындары мазараттардағы бос орынның бар-жоғын үйден шықпай-ақ біле алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызмет Orynai сервисі арқылы жүзеге асады. Сайтқа кірген кезде қолданушыға екі батырма ұсынылады. Онда "Маманға қоңырау шалу" және "Жерлеуді ұйымдастыру" қызметін таңдайсыз. Біріншісі арқылы оператормен байланыс орнатуға болады. Ал екіншісін таңдаған жағдайда қаладағы негізгі зираттардың тізімі шығады.
Қолданушылар әр зираттың картасын қарап, бейіт орындарының орналасуын көре алады. Картада:
- сұр түсті тіктөртбұрыштар – толтырылған орындар;
- қоңыр түстілер – резервтелген;
- жасыл түспен белгіленгендері – бос жерлер.
Осылайша, қалаған орынды таңдап, ақысын төлеп, брондап қоюға мүмкіндік бар. Айта кетейік, Алматы қаласында жалпы 70 зират бар. Алайда олардың тек 9-ы ғана жерлеуге ашық. Қалған мазараттарға жерлеуге рұқсат берілмейді.
Кейбірі онлайн брондау жүйесін қолдайды. Олардың айтуынша, бұл уақытты үнемдейтін әрі заманауи шешім.
"Тамақтың өзін қазір онлайн тапсырыс арқылы береміз. Уақытымыз жоқ қой. Әр жерге барып, іздеп жүргенше осы жақсы. Қазір зираттарда орын жеткіліксіз дейді. Сөйтіп онлайн бар-жоғын біліп отырасың. Бәрі енді заман талабына қарай ғой. Қажет қой", – дейді қала тұрғыны.
Ал енді бір тұрғындар мұндай қызметті ерсі санайды. Олардың пікірінше, қабір орнын алдын ала брондау моральдық тұрғыдан ауыр әрі жат көрінеді.
"Қай уақытта зияратты алдын ала алып қойғанын көрген едіңіз. Адам бүгін әлде ертең өле ме, ешкім білмейді" дейді алматылық әйел.
Еске салайық, бұған дейін крематорий құрылысы Алматыда бірнеше жыл бұрын басталғанын жазған едік. Нысан қалалық патологоанатомиялық бюро аумағында орналасқан. Жоба пандемия кезінде жеделдетілгенімен, құжаттық және құқықтық рәсімдерге байланысты іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Қазақстанда кремация рәсімі заңнамалық тұрғыда нақты реттелмеген еді. Сондықтан крематорий болғанымен, ресми қызмет көрсету мүмкін болмады. Енді жерлеу және зираттарды күту қағидаларына енгізілген өзгерістер бұл қызметті құқықтық негізде жүргізуге жол ашты.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді