Алматылық жүргізушілер екі ай бұрынғы айыппұлдар келіп жатыр деп шағымданды
Алматылық көлік жүргізушілері екі ай бұрынғы айыппұлдардың не себепті қазір келіп жатқанын түсінбей дал. Тамыз, қыркүйек айларының төлемдерін енді алып жатқан жүргізушілер де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Алматыдағы көлік жүргізушілері сергек камераларындағы жазба не себепті уақытылы келмейді деп шағып айтып жүр. Арасында екі айдан асып жеткен төлемді техникалық қателікке санайтындар да бар. Айтуларынша, әдетте айыппұлдар жол бұзған сәтте-ақ келеді.
“Маған бүгін штраф келді мысапы. Бір ай бұрын құқық бұзылған екен. Соны енді келіп тұрғанына таң қалып тұрмын. Уақытысында келсе ол қателікті қайталамауға тырысамыз ғой. Ал, енді 1 айдан кейін кеп тұр, ұмытып та қалдық. Содан кейін тура сол жерден қате кетіп жатыр қайталанып”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Еркін Бексұлтанов.
Алайда құқық қорғау органдары айыппұлдың екі айдан кейін келуі қалыпты жағдай екенін айтады.
“Бір күннен кейін, 30 күннен кейін, тіпті 60 күннен кейін де нұсқамалар келіп жатады құқық бұзушылардың аттарына. Егер мерзімі екі айдан асса, онда азаматтар бұл хаттамаларға шағымдануға құқылы. Ол үшін полиция департаментіне, әкімшілік полиция басқармасына жүгіне алады. Мысалы, бүгін желтоқсан айы болса, ал, шілде айының нұсқамасы келіп жатса онда мұның күшін жоюға болады”, – дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кеткен жөн, айыппұл қай уақытта келсе де азаматтар 50 пайыздық жеңілдікті қолдана алады. Егер екі ай бұрынғы хаттамаларға келіспеген жағдайда кез келген азамат құқық қорғау қызметкерлеріне шағым түсіре алады.