Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық зағиптар электрсамокаттардың кесірінен көшеде жүруден қалғандарын айтып шағымданды

Видеодан скрин

Қаладағы электрсамокаттардан зәрезап болған алматылық зағиптар жанайқайын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Көру қабілетінен айырылғандар жолға ретсіз тасталған электрсамокаттарға шағымданды. Олардың таяғы темірге ілініп, талайы құлап, тіпті ауыр жарақат алғандары да бар екен.

“Самокатқа шалынып төрт рет құладым. Жарайды, жолдың шетіне тастап кетсе мейлі ғой. Дәл тротуардың, үстіне тастайды. Бірнеше рет таяғым ілініп қалып, таяғым сынған, майысқан кездер де болды. Осымен, міне, үшінші таяғымды ауыстырып отырмын. Бұл таяқ – біздің көзіміз”, – дейді Жазира Мүлкібекова.


Қазақстанда самокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салуды талап ететін петиция жарияланды


Көрінген жерде жатқан самокаттар зағип жандарға үлкен қауіп төндіріп отыр. Олар мұндай кедергіні соқтықпайынша, байқамайды. Көп жағдайда таяқ самокаттың астына ілініп құлап, жарақат алады. Сондай-ақ электрсамокаттың келе жатқанын олар көбіне естімей, жанынан өте шыққанда ғана байқайды екен. 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауіпсіздік үшін электрсамокаттарға арнайы жол салуды, сонымен қатар оларды тек белгіленген тұрақтарға қоюды міндеттеуді сұрайды. Ал тәртіп сақшылары құрылғыларды ретсіз тастайтындармен күресіп жатқанын айтады. Жыл басынан бері 27 мыңға жуық құқық бұзу анықталып, жүргізушілер жауапқа тартылған.

“Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Кикшеринг компанияларымен бірлесіп, біз профилактикалық іс-шараны күнделікті атқарып жатырмыз. Күн сайын 200-300 адам жауапқа тартылып жатыр”, – дейді Алматы ПД басқарма бастығының орынбасары Темір Ноғайбаев.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда самокаттарды бақылайтын камералар орнату ұсынылған еді.

Дана Русланқызы
Сенбі, 27 Қыркүйек, 2025 11:42
Талқылау