Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық университеттің жері заңсыз жекенің қолына өтіп, ішімдік сататын дүкен ашылған

Алматылық университеттен заңсыз иеліктен шығарылған мүлкі мемлекетке қайтарылдыФото: Прокуратура

Алматы қаласы Медеу ауданы прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті КеАҚ ректорының өтініші негізінде заңсыз жекенің қолына өтіп кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Талдау барысында Алматы қаласы Қонаев көшесі, 80-үй мекенжайындағы (208,8 ш.м. павильон және оған тиесілі жер телімі) университеттің қажеттіліктеріне арналған жылжымайтын мүлік нысанының үлестес тұлғалардың пайдасына заңсыз берілгені анықталды. Қазір бұл нысанда алкоголь өнімдерін сататын тәулік бойы жұмыс істейтін мекеме орналасқан. Сонымен қатар бұл ғимарат университеттің №2 студенттер жатақханасына тікелей жақын жерде орналасқан.

1995 жылы университеттің бұрынғы басшылығы мемлекеттік мүлікті уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуынсыз, мүлікті бағалау, конкурс немесе аукцион өткізбестен, төмендетілген құнмен жекеменшік компанияға бергені белгілі болды. Кейіннен жер телімі де жер заңнамасының талаптарын бұзып, мемлекеттік меншіктен шығарылған.

“Одан кейінгі алып-сату мәмілелері өзара байланысты және формалды сипатта болған. Нысан бірнеше рет бұрынғы ректордың отбасы мүшелерімен байланысты тұлғалар арасында қайта сатылып, кейін сыйға тарту шарттары арқылы оның жақын туыстарының иелігіне өткен. Осылайша, университет мүлкі іс жүзінде аффилирленген тұлғалардың пайдасына шығарылған. Прокуратура сот тәртібімен бастапқы заңсыз мәмілелерді және олардан туындаған кейінгі шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арыз енгізді”, – деп мәлімдеді прокуратура.

Соттар аталған мүлікті өткізу кезінде сол кезеңде қолданыста болған мемлекеттік мүлікті жекешелендіру туралы заңнама, жер заңнамасы және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жөніндегі азаматтық заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.

“Медеу аудандық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен прокуратураның талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Кассациялық саты сот актілерін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттің мүліктік мүдделері қорғалып, университеттің жылжымайтын мүлікке құқықтары қалпына келтірілді”, – делінген хабарламада.

Заңсыз иеліктен шығарылған мемлекеттік мүлікті анықтау және қайтару жұмыстары жалғасып жатыр

Айым Болатқызы
Жұма, 06 Ақпан, 2026 08:46