Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда пәтер сатып алғандар баспанадан да, ақшадан да қағылды: Олардың тұрғын үй кешенін сүріп тастаған

Алматылық үлескерлер ақшаларын қайтара алмай жатыр (1)

Фото: Алматы құрылыс басқармасы

Тұрғындардың айтуынша, олар жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге алданып қалған. Үш қабатты элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған дольщиктер жаңа қоныс тойын былтыр атап өтуге тиіс еді. Алайда құрылыс аяқ астынан тоқтап қалған. Кейін құрылыс компаниясының құжаттарымен мәселе туындаған. Ал арада біраз уақыт өткен соң, жер учаскесі басқа компанияға сатылып кеткен. Қазір үлескерлер жаңа пәтерлерден үміт үзіп, ең болмаса салған ақшаларын қайтарып алғылары келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда үш қабатты тұрғын үй кешенінің орнына тек шұңқыр қалған. Құрылыс компаниясы ақшаны алып, жұмысты тоқтатқан. Үлескерлер жаңа пәтерден үміт үзген, енді ақшаларын қайтаруды талап етуде. Зардап шеккендердің бірі Мақсат Жетпіс. Ол бастапқыда басқа кешеннен екі пәтер сатып алған, бірақ ол кешен сүрілетіні белгілі болған соң, компания жаңа үйден пәтер ұсынып, тегін автотұрақ пен қойма береміз деген. Алайда бұл құрылыс та басталмай тоқтап қалған.

"Жалпы сомасы 73 миллион теңге көлемінде қаражат салдым. 2023 жылдың басында жаңалықтардан өзім сатып алған тұрғын үй кешенін сүріп тастайтынын білдім. Осыдан кейін мән-жайды анықтауға кірістім. Мені үнемі алдап, түрлі кешендерге ауыстыра берді. 2023 жылдың күзінде басқа зардап шеккендермен байланыса бастадым. Ал сол жылдың соңында 50-ден астам үлескерлердің зардап шеккені, олардың барлығы қылмыстық іс бойынша арыз түсіргені анықталды", – деді жәбірленуші Мақсат Жетпіс.

Адамдар жарнамаға сеніп, компанияның кеңсесіне де күмәнданбаған. Менеджерлер тиімді шарттар ұсынып, жобаларды таныстырған. Кейбірі соңғы ақшасын салса, енді бірі несие алған, ал өзгелері ескі үйлерін жаңа пәтерге айырбастаған.

Малика Темірбекова Instagram-дағы жарнама арқылы trade-in бағдарламасын көріп, ескі үйін үш пәтерге ауыстырған. Құжаттар да, құрылыс барысы туралы есептер де болған, бірақ кейін жұмыс кенеттен тоқтап қалған.

Пәтер алған соң адамдар күдіктене бастаған: компания атауын бірнеше рет ауыстырып, кеңселерін көшіріп отырған. Ешбір нысан пайдалануға берілмеген. Қазіргі кеңседе ешкім жоқ. Директор байланысқа шықпаған. Полиция ірі көлемдегі алаяқтық бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады.

Алматы полиция департаменті аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. 

"Тергеу аяқталып, өткен айдың соңында іс материалдары шешім қабылдау үшін Бостандық аудандық сотына жолданды. Осы аптада компанияның бас директорына қатысты сот процесі басталады", – делінген полиция департаментінде.

Алайда үлескерлер мұндай схеманы бір ғана адам жүзеге асыра алмағанына сенімді. Сондықтан барлық кінәлілердің табылуын талап етті. Айта кетейік, тұрғын үй салынуға тиіс болған жер телімін екі ай бұрын басқа компания сатып алған.


"Үйдің астынан су шығып жатыр": Астанада жүздеген тұрғыны бар көп қабатты үй апатты жағдайда тұр


Астанада тұрғын үй кешенінің халқы паркингті автосалонға сатып жіберген құрылыс компаниясына қарсы бас көтерді


Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз салынған тұрғын үй кешендері сүрілгенін жазған едік. Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, кейбір құрылыс салушылар нысандарды тиісті рұқсатсыз, жобалық-сметалық құжаттарсыз және сараптамасыз тұрғызған. Мысалы, соңғы жағдайда үй иелерінің ешбір құжатсыз пәтер алғаны анықталып, сот шешімімен нысан сүрілді. 2024 жылдың 30 қаңтарында бұл шешім заңды күшіне еніп, сот орындаушылары 30 шілдеде сүру жұмыстарын бастаған. Бұл іс Алматы әкімі Ерболат Досаевтың заңсыз құрылыстармен күресу туралы тапсырмасына сәйкес жүргізіліп отыр. Былтырдың өзінде 55 заңсыз нысан сүрілген, олардың қатарында "Мечта", KHAN және "Алма Гарден" тұрғын үй кешендері бар.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Шілде, 2025 11:05
Талқылау
`