Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық полицейлердің дроны тұрғындырға ескерту жасай бастады

Алматылық полицейлердің дроны адамдармен сөйлестіФото: Polisia.kz

Алматыда полиция дрондары енді құқықбұзушылықтарды тек тіркеп қоймай, тұрғындарға нақты уақыт режимінде ескерту жасай бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрылғылар жарық-сигналдық элементтермен және дауыс зорайтқыштармен жабдықталған. Сол арқылы қоғамдық орындарда заң талаптарын сақтау жөнінде профилактикалық хабарламалар таратылады.

Ұшқышсыз аппараттар қоғамдық кеңістіктерді, жаяу жүргіншілер аймақтарын, аулаларды және адам көп шоғырланатын орындарды патрульдейді. Егер қоқыс тастау, қоғамдық жерде түкіру, ұсақ бұзақылық, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту сияқты әрекеттер анықталса, азаматтарға нысаналы түрде ескерту жасалады.

Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, жобаның мақсаты – құқықбұзушылықты тіркеуден бұрын оның алдын алу.

“Біздің міндет – құқықбұзушылықтарды тек тіркеу емес, ең алдымен оның алдын алу. Дауыс зорайтқышы бар дрондар тәртіп бұзушылықтарға жедел әрекет етіп, азаматтарға мінез-құлық ережелерін бірден еске салуға мүмкіндік береді. Бұл – тәртіпті күшейтіп, қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастыратын заманауи профилактика құралы”, – деді ол.

Сондай-ақ полиция өкілдері дрондар қиын қолжетімді аумақтарды қамтуға және қосымша бақылауды наряд санын көбейтпей-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жоба қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастырып, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар санын азайтуға бағытталған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 20 Ақпан, 2026 18:14