Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы емханаларының бірінде жалған жалақы беру арқылы 340 миллион теңгеден астам ақша ұрланған

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында  №30 қалалық емхананың бас бухгалтері мен поликлиниканың есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оларға аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін заңсыз иемденді немесе жымқырды деген айып тағылды.

"Сот талқылауы барысында бас және есеп айырысу бухгалтерлері жеке заңсыз материалдық баю мүддесін көздеп, 2019 жылдың маусымынан 2023 жылдың қарашасына дейін емханада нақты жұмыс істемеген тұлғалардың карточкалық шоттарына жалақы мен сыйақыларды есептеп отырғаны анықталды. Салдарынан мемлекетке 340 миллион 387 мың 113 теңге материалдық шығын келтірілген", – деп хабарлады Алматы қалалық сотын.



Сотта сотталушылар өз кінәларын толық мойындады.

"Сот үкімімен Х. кінәлі деп танылып,  7 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 5 жылға материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Серіктесі Т. кінәлі деп танылып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол да 5 жылға материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды", – деді сот.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының" бұрынғы басшысы Олжас Ағабеков тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған еді. 

Талқылау