Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық емханалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын 553 миллион теңгеге алдап соққан

Алматылық емханалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын 550 миллион теңгеге алдап кетті. Былтыр бір жыл бойы төрт медициналық мекеме жалған қызмет көрсетіп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: freepik.com

Медициналық мекемелер науқастарды қабылдауға жазып, кеңес беріп, диагноз қойып, тіпті оңалту жұмыстарын жүргізген болып есеп берген. Ал науқастардың мұның бәрінен мүлде хабары жоқ.

“Өткен жылы емханалардың  жалпы сомасы 553 миллион теңгеге жалған қызмет көрсеткенін анықтадық. Ең жиі қызмет көрсетілген бағыт – стоматология. Бұл көрсетілетін қызмет көлемін көбейтудің жақсы мүмкіндігі. Мысалы, бір қызмет көрсетілсе, оның орнына бесеу деп жазып қояды. Немесе мүлде ешқандай қызмет көрсетілмеген болып шығады”, – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Ильяс Мұхамеджан.

Нәтижесінде ереже бұзған мекемелермен жасалған ынтымақтастық келісімшарты бұзылып, басшыларына айыппұл салынды. Сондай-ақ медициналық сақтандыру бағдарламасы аясында мүлде ешқандай қызмет көрсетпеген шамамен 90 ұйым тізімнен шығарылды.



Айта кетейік, былтыр тек жұмыс істейтін алматылықтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 180 миллиард теңгеден астам қаражат аударған. Алайда олар дәрігер қызметін бұл сомадан тоғыз есе аз көлемде ғана пайдаланған. Ал жеңілдік санатындағы қала тұрғындары, керісінше, ауруханаларға жиі жүгінеді. Бір жылдың ішінде олар 120 миллиард теңгеге медициналық көмек алған. Бірақ мемлекет олардың атынан бар болғаны 28 миллиард теңге ғана төлеген.

Бұған дейін  113 қазақстандық әйелдің үстінен декреттік төлемдерге байланысты алаяқтық әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалған еді.

Талқылау