Алматылық белгілі кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланды
Алматы полициясы кәсіпкер, белгілі меценат Азамат Доланбаевты іздестіріп жатыр. Ол адамға ауыр дене жарақатын салды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: alatau-zhuldyzy.kz
Сот оны екі айға сырттай қамауға алуға санкция берді. Доланбаевқа іздеу жарияланғанын бірінші болып Lider.kz еріктілер қозғалысы белсенділерінің бірі Тұрсынжан Дәуітханов Instagram әлеуметтік желісіндегі Stories парақшасында мәлімдеді.
Фото: lider.kz
Полиция департаментінің мәліметінше, тергеуді Медеу аудандық полиция бөлімі жүргізіп жатыр. Күдіктінің тұрған жерін анықтау және оны ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға Доланбаевтың жүрген жері туралы ақпаратты 102 телефоны арқылы хабарлауға шақырды.
Азамат Доланбаев денсаулық сақтау саласындағы меценат және кәсіпкер ретінде танымал. 2020 жылы Талғар орталық аудандық ауруханасын 15 жыл сенімгерлік басқаруға алған. Сондай-ақ оның қатысуымен Жетісу өңірінде заманауи гемодиализ орталығы ашылды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасарына іздеу жарияланған еді.