Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арыстағылардың бәріне көмектескім келеді": 10 жастағы балақай екі жыл жинаған ақшасын зардап шеккендерге аудармақ

Он жастағы Алдияр Дәулетұлы екі жыл ішінде жинаған жүз мың теңгеге жуық ақшасын Арыс тұрғындарына көмектесу үшін қайырымдылыққа жұмсайды. Қару-жарақ қоймасының жарылғанын, салдарынан қала тұрғындарының барлығы зардап шеккенін естіген бала өзінде бар дүниесін көмекке мұқтаж отандастарына беруге жөн көріпті. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды. 

Алдияр мұндай қомақты соманы екінші мәрте жинап жатыр. Бұған дейін ол жеті жасында сандықшасына жиналған ақшасына ұнаған дүниесін сатып алған екен. Осы жолы қаражатын өзінің емес, өзгенің пайдасына жұмсаған кішкентай жігіттің сөзінен кеңпейілдігі мен жомарттылығын байқадық. Кішкентай күнінен бастап халқына жанашырлық танытып, қолда бар көмегін аямаған балақайдың халық жағдайы түзелсе деген тілегі бар. 

"Арыстағы жағдай жайлы әкемнен естігенде қатты таңғалдым. Негізі екі жыл бойы жинаған ақшама PlayStation алғым келген, бірақ, елімізде осындай оқиға орын алған соң, ақшамды қайырымдылыққа жұмсаймын деп шештім. Ол Арыс тұрғындарының пайдасына жараса екен деймін. Арыстағылардың бәріне көмектескім келеді. Менің бұл ісім халықтың қайтадан қуанып, күліп жүруіне себепкер болса екен", — дейді Алдияр Дәулетұлы. 

Әкесі Дәулет Сатаев баласының ниетіне қолдау көрсеткен. Ол қайырымдылық шаралармен жиі айналысып тұрады екен. 

"Арыстағы жағдай — күллі Қазақстанның қайғысы. Еліміздің тыныштығын тілейтін әрбір азамат қолынан келгенше көмек көрсетуі керек. Парызы сол. Бізде қазақта "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деп өте орынды айтқан ғой. Балаларым, білсін, көрсін деумен оларды кішкентай күнінен бастап қайырымдылыққа баурап өсіруді жөн көріп отырмын", — дейді ол. 

Бар болғаны он жастағы жеткіншектің ісі көптеген қазақстандықтарға үлгі болады деген үміттеміз. 

 

Талқылау