Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімдігі қалаға кіретін ескі көліктерден ақша алу талабын келесі жылға дейін қабылдамақ

көліктер stan

Фото: Stan.kz

Алматыға кіретін ескі көліктерден ақша алу талабы келесі жылға қалмай күшіне енуі мүмкін. Жаңа тәртіпке сәйкес, түтін басқан күні 2009 жылға дейін шығарылған машиналардың тіпті қалаға өтуіне тыйым салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Енді жылы жаңа көлік алмасаң, ескімен Алматыға кіріп-шығу қиындайын деп тұр. Әкімдік еуро-5 санатына, яғни 2009 жылға дейін шыққан машиналардан қалаға кірген сайын экология үшін деп ақы алмақ. Бастаманы биылдан қалмай пысықтап, қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Әкімдік осылайша экологияны қорғаймыз дейді.

“Қалаға кіру ақысын халықтың ескі көліктен бас тартып, автобусқа немесе экологияға сай көлікке ауысуына ынталандыру керек. Яғни, мөлшері тым аз болмауы тиіс. Бірақ әлеуметтік ауырпашылық түспеуі үшін қымбат та қылмау керек. Әкімдік сол себепті бастаманы пилоттық жоба ретінде зерттеп, сомманы анықтайды”, – дейді Атмосфералық ауаны қорғау ережелерін әзірлеу бойынша жұмыс тобының мүшесі Ерлан Бұзырбаев.

Ал жылы жаңа еуро-5 немесе одан жоғары санатқа жататын темір тұлпарлар, электрокарлар тегін жүрмек. Автосарапшылардың айтуынша, бұл талап экологияға еш пайдасын тигізбейді, тек қоғамды бөліп-жарады.

"Экологияны жақсартамыз десек, техникалық бақылауды күшейткен жөн. Сонда ғана біз зиянды қалдықтар шығаратын көліктерді анықтап, тоқтата аламыз. Ал былай талап қою тек бюджетті толтырады. Көліктің түтін шығаруы жылына емес, техникалық жағдайына байланысты", - дейді автосарапшы Алексей Алексеев.

Жергілікті биліктің бастамасына қатысты жүргізушілердің ойы әртүрлі. 

"Ескі машина үшін ақша алған дұрыс емес деп ойлаймын, әркімнің өз шамасынша көлігі бар, біреулердің қолы жеткен көлігі ескі", "Дұрыс деп ойлаймын, өйткені экологияны бұзады. Екі мың жылғыдан төмен көліктер дұрыстап қарамаса, табиғатқа зиян" дейді жүргізушілер.

Талапты әзірлеуші топ мүшесінің айтуынша, ескі көлік иелеріне қалаға кіруге оңай болу үшін абономент ұсынылады.Ал жиналған ақшаға сол темір тұлпарды өз бағасына сатып алып, утилизацияға жіберу жоспарда бар. Одан басқа бұл қаражат қалада экологиялық таза аймақ құруға, қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады дейді.

Айнұр Мұхади
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 10:59
Талқылау