Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының орталығына қандай көліктер кіре алмайды: Әкімдік қаланы түтіннен тазарту жобасын дайындады

Алматыға қандай көліктер аұы төлеп кіредіФото: Stan.kz

5 тамызда Ашық НҚА порталында Алматының атмосфералық ауасын қорғауға қатысты арнайы экологиялық талаптар енгізу туралы құжат талқылануға жарияланды. Ол бойынша Алматыға экологиялық класы төмен көліктерді кіргізуге шектеу қою ұсынылып жатыр. Мұндай ереже қандай көліктерге қатысты болмақ? Қалаға қандай көліктер кіре алмай қалуы мүмкін? Stan.kz ақпарат агенттігі түсіндіреді.

Ереже қабылданса, Алматыға қандай көліктер ақы төлеп кіреді?

Қалаға ақылы түрде кіру мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін қаланың кей аймақтарына немесе орталығына көліктерді кіргізбеу туралы айтылған. Әкімдік тұмшамен күресу мақсатында қаладағы Еуро-5 cтандартына сай келмейтін ескі көліктерді сатып алып, басқа көліктерді қалаға тек ақылы түрде кіргізуді қарастырмақ. Ал қалада түтін шектен тыс көбейіп кеткен күндері ескі көліктер мүлдем кіре алмауы да мүмкін.

Бұл ережелер Алматыда шығарындысы аз аймақтар ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. Мұндай "түтіні жоқ" аймақтар арнайы белгімен белгіленбек. Дәл қазір олардың нақты шекарасы белгісіз. Бұл аймақтарға Еуро-5 немесе одан жоғары класқа жататын бензин және газбен жүретін көліктер мен электрлі көліктер тегін кіре алады. Қалған көліктерге қалаға кірерде құнын төлеуіне тура келеді. Тіпті дизельмен жүретін көліктердің иелері де төлейді.

Еуро-5 – көліктен шығатын газдардағы зиян заттардың шығарындысының деңгейіне жоғары талаптар қоятын экологиялық стандарт. Бұл негізінен азот оксидтерінің (NOx), көмірсутектердің (НС), көміртегі тотығының (CO) және бөлшектердің (PM) шығарындыларына қатысты. Еуро-5 стандартына сай болу үшін көліктер бөлшекті сүзгілер (дизельдік қозғалтқыштар үшін) және каталитикалық бейтараптандырғыштар сияқты осы шығарындыларды азайтатын жүйелермен жабдықталуы керек.

Кей деректерде I-IV экологиялық класты көліктер үшін кіру ақылы болатыны айтылған. Ал бұл санатқа 2016 жылға дейін Қазақстан мен Ресейде, 2010 жылға дейін Еуроодақта, Оңтүстік Корея мен АҚШ-та, Жапонияда 2014 жылға дейін, Қытайда 2013 жылға дейін және басқа елдерде 2016 жылға дейін шығарылған автокөліктер жатады.

Мұндай ереже қандай көліктерге қарастырылмаған?

Арнайы ерекшеліктер қызметтік транспорттарға ғана қарастырылған. Олардың қатарында мына ұйымдардың көліктері бар:

  • Жедел жәрдем көмегі
  • Апатты құтқару қызметі
  • Құқық қорғау органдарының көлігі
  • Көлікті бақылау органдары
  • Арнайы мемлекеттік органдар
  • ҚР Қарулы күштері, басқа әскерлер мен әскери құрылымдар
  • Автомобиль жолдарын күтіп ұстау және техникалық қызмет көрсетумен тікелей айналысатын қызметтер
  • Зертханалық-аналитикалық бақылауды ұйымдастыру ұйымдарының көліктеріне аталған ереже қатысты емес

Көліктің қалаға кіру ақысы қалай төленеді?

Әкімдіктің мәліметінше, қалаға кіру ақысын есептеу кезінде көліктің аулада немесе тұрақта болған уақыты есепке алынбайды. "Қалаға" кіру ақысы "Аймақтағы" көлік құралын пайдаланғаны үшін әр күнтізбелік күн үшін фото және видеокамералардың деректері бойынша алынады.

Төлем жасаудың бірнеше тәсілі қарастырылған. Олардың қатарында ақылы жолдардағыдай арнайы депозиттік шот жүргізу немесе автокөлік иесі жеті күнтізбелік күннен кешіктірмей төлеуге тиіс соманы есептеу тәсілдері бар. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға да, белгілі бір санаттағы адамдарға да (мысалы, аталған ауданда жұмыс істейтіндерге) абонементтер ұсынылмақ. Алайда оны алу үшін көлік иелері "Таза қала" арнайы дерекқорына көлігін тіркеп, техникалық тексерістен өтуге тиіс.

Төлемнен жиналған қаржы экологиялық жобаларға және қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалмақ. Ал қалаға көлікпен кіргені үшін төлем төлемегендерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 324-бабы бойынша экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жаза қолданылуы мүмкін. Жеке тұлғаларға ескерту жасау немесе 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салу қарастырылуы ықтимал.

Әкімдік ескі көліктерді сатып алып, утилизацияламақ

Дегенмен көлігі ескі тұрғындарға да оны утилизациялаудың тағы бір мүмкіндігі берілмек. Әкімдік тұмшамен күресу мақсатында қаладағы Еуро-5 cтандартына сай келмейтін және одан жоғары транспортты, ескі көліктерді әрі қарай утилизациялау үшін сатып алуды ойластырып жатыр.

"2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Алматы қаласының аумағында тіркелген автокөлік құралдары кейінгі утилизацияға өткізілу үшін сатып алынуы мүмкін. Бұл бағдарлама аясында, өзге шаралармен қатар, төмен экологиялық санаттағы автокөлік құралдарын сатып алу шығыны аймаққа кіру төлемі есебінен, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы қаражатынан және жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілмек", – деп хабарлады әкімдік.

Бұл жағдайда жеткізу орнына айдап бара алатын техникалық жарамды көлікті ғана ұсынуға болады. Бағдарламаға металл сынықтары енгізілмейді. Ал сатып алу құны әкімдіктің қаулысымен белгіленбек.

Сонымен қатар жаңа автокөліктерді сатып алуға жеңілдік жасау, салонан автокөлік сатып алуға эко аймақтарға кіру төлемінің бір бөлігін пайдалану, қоғамдық көлікте тегін жүруді қамтамасыз ету сияқты ынталандырудың басқа шаралары да қолданылуы мүмкін. Қоғамдық көлікке келсек, оларға суық мезгілде жылуды азайту үшін автономды жылыту жүйелерімен немесе электр жылытқыштармен жабдықтау, ай сайынғы шығарындыны бақылаудан өту және тағы басқа міндеттелуі ықтимал.

Алматы ауасын жақсарту үшін қолданылатын тәсілдердің ішінде автокөлік жүргізушілері мен басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қатысты мынадай тәсілдер аталған:

  1. топырақты қазып алу мен жиектастарды (бордюрлерді) кесу, сонымен қатар басқа да қатты жабындарды бұзу жұмыстарын шаңды басу технологияларын қолданбай жүргізуге тыйым салынады;
  2. барлық инертті материалдарды: топырақты, қоқысты, үйінді құрылыс материалдарын, жеңіл ыдысты, жапырақты, ағаш кесінділерін үстін брезентпен немесе жолды ластамайтын өзге де материалмен жаппай тасымалдауға тыйым салынады.
Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 19 Тамыз, 2025 18:08
Талқылау