Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: ZEEKR жүргізушісінің туыстары марқұмның отбасымен татуласпақ болған

Фото: Александр Пактың парақшасынан
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы атышулы апатқа күдікті Александр Пактың туыстары қаза болғандардың бірінің отбасымен татуласпақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық адвокат Олег Чернов Әл-Фараби даңғылында түнде болған жол апатында қаза тапқан үш адамның бірі – 29 жастағы Еламанның отбасын қорғайды. Оның артында алты жасар бала қалды.
Қазір екі күдікті анықталды – бизнесмен Александр Пак және полиция қызметкері. Қалған күдіктілер сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады.
"Менің білуімше, екінші тарап келді, бірақ менің клиенттерім олардың татуласуын қабылдамады. Олар жәбірленушілердің туыстарына барып, келіссөздер жүргізу үшін келді", –деді Чернов.
Zeekr жүргізушісі Александр Пактың 1,3 ppm мас болғаны белгілі болды деген ақпарат бар. Дегенмен мұны анықтау үшін нақты сараптама қажет.
Черновтың айтуынша, Пак ауруханада, бірақ жақын арада тергеу изоляторына ауыстырылады. Адвокат оның денсаулық жағдайы туралы ешқандай ақпарат бермеді.
Апат болғаннан кейін БАҚ-та апат кезінде бірнеше көлік жарысып жатқаны туралы хабарламалар пайда болды.
"Мұндай ақпарат бар. Бес көлік туралы нақты айта алмаймын, бірақ Әл-Фараби даңғылы бойында жарыс болғанын естідім. Сондай-ақ оның соңғы бір жылдағы апаттарға қатысты жүргізу тарихын сұрап жатырмыз – ол апатқа ұшыраған ба, қандай да бір ереже бұзушылықтар жасаған ба немесе жылдамдықты анықтайтын камераларға түсіп қалған ба. Ашық дереккөздерде құқық қорғау органының қызметкерінің қатысқаны туралы ақпарат бар. Ол қамауға алынды", – деді Чернов.
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
"Пасханы да, Ораза айтты да бірге тойламыз": Қазақстандық ару көпұлтты отбасындағы татулық пен ерекше дәстүрлері туралы айтты