Алматыдағы тұрғын үй кешенінде күзетшіні қатігездікпен өлтірген күдіктіге қатысты тергеу тоқтатылды
Алматы прокуратурасы 29 наурыз күні "Меркур Тауэрс" тұрғын үй кешенінің күзетшісін өлімші етіп сабап, көлікпен бірнеше рет басып кеткен экс-депутаттың баласына қатысты тергеу туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ведомствоның мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу 29 наурыз күні басталған. Алайда іс тоқтатылған.
“Қазір қылмыстық қудалау органы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 45-бабының 7-бөлігінің 4-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылдады”, – делінген хабарламада.
Көрсетілген бапқа сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі заңда белгіленген тәртіппен куәландырылған күдіктінің, айыпталушының психикасының уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр сырқаты болған жағдайда тоқтатылады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 45 жастағы ер адамның өзі тұратын тұрғын үй кешенінің күзетшісін қатігездікпен өлтіріп кеткені туралы жазған едік. Сондай-ақ көршілері күдіктінің есірткі қолданатыны туралы айтты. Айыпталушы бұрынғы депутаттың ұлы екені белгілі болды.