Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отырғандар тапсырыспен тамақ алдыруға болады
Алматыдағы тергеу изоляторына түрлі қылмыс бойынша күдікті деп танылған жандар, айыпталушылар мен сотталушылар арнайы дүкендерден фастфуд тағамдарын, киім-кешек пен түрлі заттарды онлайн сатып ала алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Stan.kz / chatgpt.com көмегімен жасалған
Мәліметтерге сенсек, тергеу изоляторында отырғандар туыстары мен достары арқылы суши, пицца, фастфуд өнімдері мен түрлі тағамдарға тапсырыс бере алады. Онлайн дүкенде бағасы да көрсетілген. Мәселен, бір келі палау үшін 4 мың теңге төлеуге тиіс. Ал 70 дана суши 19 мың теңге тұрады. Тіпті түрмеге ет алдыртуға болады. Ол үшін 25 мың теңге төлеу керек.
Арнайы сайтқа кірсеңіз, тауардың төрт жүзден астам түрі ұсынылған. Олардың ішінде азық-түлік, сусындар, тұрмыстық химия, кеңсе тауарлары мен киім-кешектер де бар. Ақшаңыз жетсе, мейрамханалардан ыстық тағамға да тапсырыс беруге болады.
Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық атқару жүйесі комитетінің дерегінше, әзірге мұндай мүмкіндікті тек Алматыда жатқандар ғана пайдалана алады.
"Түзету мекемелерінде азық-түлік және күнделікті қажет заттарды сатып алу қызметі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп ережелерін бекіту туралы" бұйрығымен реттелген. Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемелерінде дәстүрлі дүкендер жұмыс істейді, сонымен қатар кейбір мекемелерде күн сайын жұмыс істейтін электронды сауда алаңдары енгізілген", – делінген қылмыстық атқару жүйесі комитетінің хабарламасында.
Изоляторда жатып, зеріккен жағдайда жақындарыңыз арқылы темекі мен шахмат алдыртуға болады дейді комитет. Кез келген керек затты ақшасын төлесе жеткізіп береді. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бұны пилоттық жоба ретінде жүзеге асырған. Әзірге ешқандай кері әсері болмады дейді жауаптылар. Сондықтан жаңашылдықты өзге аймақтарға енгізу жоспарда бар деп отыр.
Жалғыздық белең алған: Жапонияда түрмеге өз еркімен баратын қарттар көбейген
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада түрмеге сүйек кемігіне жасырып, есірткі кіргізбек болғанын жаздық. 130 грамм марихуана оралған пакеттер сиыр етінің сүйектерінің ішіне салынып, сүйек кемігімен жасырылған. Есірткі пакеттері жазасын өтеушіге келген азық-түлік сәлемдемесін арнайы жабдықтың көмегімен тексеру кезінде анықталған. Енді колонияға тыйым салынған затты кіргізбек болған сотталушының айлакер туысы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.