Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке": Қоғам белсендісі Алматыдағы Тереңқұр аумағындағы қонақ үй салынатынын айтып дабыл қақты

Фото: Stan.kz

Желіде қоғам белсендісі Сергей Чикиннің айтуынша, Алматыдағы Тереңқұрда қонақүй салу жоспары бар. Даулы 30 соттық жер 2000 жылы заңсыз беріліп, бұрынғы сенатор Құл-Мұхаммедке тиесілі болған, кейін бірнеше мәмілелер арқылы кәсіпкер Алагөзовке өткен делінеді. Әкімдік оны мемлекетке қайтармақ болғанымен, іс жүзеге аспаған. Қазіргі иесі тек аз бөлігін ғана қайтаруға келісіп отыр. Чикин бұл жерде қала тұрғындарына сквер салуға уәде етілгенін айтып, жердің толықтай қалаға қайтарылуын талап етті. Бұл туралы Stan.kz Алматы әкімдігіне сауал жолдап көрді.

Қоғам белсендісі Сергей Чикиннің айтуынша, Алматыдағы Тереңқұр аумағында қонақүй салынуы мүмкін. Ол Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының жеке қабылдауында болып, кездесуге Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин де қатысқан. Чикин қабылдаулардың форматы өзгергенін, енді қабылдау ашық форматта емес, қала қызметтері өкілдерінің қатысуымен жабық түрде өтетінін атап өтті.

Қоғам белсендісі Сергей Чикин Алматыдағы бір жер учаскесінің иелену тарихына қатысты пікір білдірді.

"Айта кетейін, 2000 жылы 30 соттық жер заңбұзушылықтармен бұрынғы сенатор Құл-Мұхаммедке берілген, кейін бірнеше мәмілелер арқылы кәсіпкердің қолына өткен. Сенатор 10 соттық жерді тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алды, тағы 15 соттықты сатып алды, ал 5 соттық оған тегін берілді. Кейін бұл жер туыстары арқылы бірқатар мәмілемен танымал продюсердің күйеуіне – кәсіпкерге өтті (Тұрсен Алагөзов). 2023 жылғы даудан кейін әкімдік жерді мәжбүрлі түрде қайтармақ болды, бірақ бірнәрсе дұрыс болмады. Әкім қол қойған қалалық мәслихат шешімін ешкім орындамай, ол күшін жойды (бұлай да болады екен). 2024 жылы әкімдік жер иелерін сотқа берді, бірақ соңында істі қайтарып алды. Жаңа әкім келгенде әділетке үміт пайда болған еді, бірақ әзірге олай болмады", – деді Сергей Чикин.

Фото: Посттан скриншот

Қазіргі таңда жердің иесі тек 6-7 сотық спорт алаңы орналасқан аумақты қалаға беруге келіскен, бірақ нақты көлемі одан да аз болуы мүмкін деп атап өтті Чикин.

"Су қорғау аймағының қызыл сызықтарын бұзбай, қабаттылықты шектеу қажет. Ал заңсыз берілген жер мемлекетке қайтарылуы тиіс. Бұл аумақта қала тұрғындарына уәде етілген скверді салуға болар еді. Қабылдауда Еркебұлан Оразалин әкімдікпен алдын ала келісім бойынша, жер иесі қаланың меншігіне тек спорт алаңы орналасқан шамамен 6-7 сотықты ғана берілетін айтты. Ал тамыз айында мен Медеу ауданының әкімімен тағы кездесіп, мән-жайды нақтыладым. Суретте сары түспен белгіленген аумақ – қайтарылатын жер, ал меніңше ол 4 соттықтан аспайды. Бұл тіпті Құл-Мұхаммедке тегін берілгеннен де аз. Ал сатып алынған жердің өзі оған тиынға түскен, бар болғаны соттығына 500 доллардан (271 000 теңгеден) сатылған", – деді Сергей Чикин.

Фото: Cергей Чикиннің желідегі парақшасынан

Сергей Чикиннің айтуынша, бұл жерде қонақүй салу жоспарланып отыр. Қонақүй үшін маңайдағы жер телімдері сатып алынған, жалпы 90 соттық.

"Бұдан бөлек суреттегі жасыл түспен көрсетілген жерлер әлдеқашан сатып алынған, ал қызылмен даулы 30 соттық көрсетілген. Кәсіпорынның да, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да қарсы емеспін. Бірақ бәрі заңға сай жасалуға тиіс. Жердің қабатын шектеу, су қорғау аймағының қызыл сызықтарын сақтау керек. Ал заңсыз жеке меншікке берілген жер мемлекетке қайтарылуы шарт. Адал сатып алушы бұрынғы иелерімен өзі соттассын. Бизнес үшін тарихы тым күмәнді жер телімін таңдағанда оның комплаенс-бақылауы қайда қараған?! Айтпақшы, жердің дәл іргесінен тектоникалық ойық өтеді, бірақ оған кім мән беріп жатыр дейсіз. Әкімдік неге Тереңқұрдағы 30 соттық жерден осылайша оңай айырыла салады?! Ол жерде бізге екі жыл бұрын уәде етілген скверді жасауға болар еді. Тіпті жобасын да “тапсырыс бердік” деген еді. Қысқасы, әдемілеп тұрып, “құрғақ уәдемен” алдады", – деді Сергей Чикин.

Фото: Cергей Чикиннің желідегі парақшасынан

Сергей Чикиннің айтуынша, бұрынғы әкімдер, соның ішінде жерді сенаторға беруді шешкен Храпунов пен Ерболат Досаев бірқатар қателікке жол берген. Сондықтан қазіргі әкім Дархан Сатыбалды сол қателіктерді түзетіп, жерді қалаға қайтаруға мүмкіндікке ие дейді қоғам белсендісі. Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша ол бас прокуратураға да жүгінген. 

"Алайда, Жер заңнамасы мен Су кодексінің бұзылғаны анықталғанына қарамастан, өтініш сыпайы түрде қайтарылып, жауап берілмеді. Бұрын бұл аумақ біртұтас болған, ал бірнеше жыл бұрын заңға қайшы түрде екіге бөлініп кеткен. Су қорғау аймағы болғандықтан, мұндай бөлуге тыйым салынған", – деді Сергей Чикин.

Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің аппараты Тереңқұр аумағындағы жер теліміне жауап берді.

"Аталған жер телімінде жеке тұрғын үйдің нобайлық жобасы келісілген. Жобаға сәйкес қонақүй немесе өзге де коммерциялық нысандардың салынуы қарастырылмаған. Қазіргі жер иесі жер телімінің бір бөлігін қаланың коммуналдық меншігіне беру мақсатында оның аумағын азайту рәсімін бастаған. Жер жобасы әзірленіп жатыр. Коммуналдық меншікке берілетін аумақтың нақты шекаралары жөнінде қосымша хабарланатын болады", – деп пікір білдірді әкімдіктегілер.
STAN.KZ
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 19:33
Талқылау