Алматыдағы Орталық стадион қайта жаңғыртылып, 32 мың орынға дейін кеңейтілмек
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев орталық стадион қайта жаңғыртылып, 32 мың орынға дейін кеңейтілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Алматы әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Орталық стадионды қалпына келтіру жоспары қалай жүзеге асатынын айтты.
Әкімнің айтуынша, олар стадионды кеңейтіп, халықаралық талаптарға сай етіп жасайды.
"Стадион 1958 жылы салынған. Келесі жылы оны қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Стадионды кеңейтеміз. Шамамен 32,5 мың адамға арнап жасалады. Оны барлық стандарттарға сай етіп жасаймыз. Болашақта Еуропа мен әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Түрлі мәселелерге тап болмас үшін ашық алаңдар қалдырмаймыз, барлық жері жабылады”, – деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, стадионның концепциясы қазірдің өзінде дайын.
“Мемлекеттік сатып алу туралы заңда Инженерлік, сатып алу және құрылыс (ЕРС) келісімшарттары тұжырымдамасы пайда болады. Әкімдік содан кейін келесі жылдан бастап дайындықты бастайды”, – деді қала әкімі.
Әкім "Челси" мен "Астана" арасындағы футбол матчы кезінде стадионда өзі болғанын айтты. Осылайша ол УЕФА-ның да, шетелдік команданың да стадионға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.
"Шығыс секторындағы алты қатарға түскен қарды тазалықшылар жинамаған. Олар жоғарыға көтеріле алмаған секілді. Жарайды, бұл мәселеде орталық стадион басшылығы дұрыс жұмыс істемегендіктен, қажетті шешімдер қабылданды. Қорытындылар жасалды", – деді ол.
Айта кетейік, Алматының Орталық стадионы 1958 жылы салынған. Стадионда төрт трибуна бар.Трибуналардың жалпы сыйымдылығы 23 мың 804 орын. Алаңның өлшемі 105х68 метр.
Еске салайық, Алматының Орталық стадионының басшысы "Астана"-"Челси" матчы алдында трибуналардың уақытылы тазаланбауына байланысты қызметінен босатылғаны туралы жазған едік.