Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

460 мың теңгеге дейін: Алматы денсаулық сақтау басқармасы крематорий қызметінің құнына қатысты ақпаратқа жауап берді

460 мың теңгеге дейін: Алматы денсаулық сақтау басқармасы крематорий қызметінің құнына қатысты ақпаратқа жауап бердіФото: er-ai-construction.kz

Алматыдағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әлі іске қосылмаған крематорий қызметінің бағасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде кремация қызметінің құны құжаттарды рәсімдеу, тасымалдау және өртелген мәйіттің сүйегін салатын сауытқа қарай 250 мыңнан 460 мың теңгеден астамға дейін өзгеретіні туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ жаңа Алматы крематорийіндегі қызметтердің шамамен бағасы 260-280 мың теңге шамасында екені хабарланды.

Бұл ақпаратқа қатысты қаладағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қалалық патологоанатомиялық бюромен бірігіп крематорийді іске қосу бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде баға ұсыныстарын дайындау, мекеменің ішкі жұмыс ережелерін әзірлеу және басқа нормативтік құжаттарды жасау кіреді. Сондай-ақ бұл жұмыстардың барлығын тікелей Қалалық патологоанатомиялық бюро жасайтынын атап өтті. 

“Кремация қызметінің бағасы Қалалық патологоанатомиялық бюро көтерген тікелей және жанама шығындарға байланысты. Сондай-ақ болжамды пайда нормасы ескеріле отырып белгіленеді”, – деп жауап берді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының вице-басшысы Ермек Тажімұрат.

Сондай-ақ ол қазір қызметтер тізімі бекітілгенін, құны есептелгенін және құжаттардың расталуы сатысында екенін атап өтті.

Дегенмен крематорийдің нақты іске қосылу мерзімі әлі белгісіз. Мекеме ұйымдастырушылық шаралар аяқталған соң және қызметті жүргізуге қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптасқаннан кейін жақын арада іске қосылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы крематорий құрылысы аяқталғанын және оның 2022 жылы мамыр айында іске қосылатыны туралы жазған едік. Алайда кейін нысанның ашылуы 2023 жылға қалдырылған.

Осы жылдың сәуір айында Алматы әкімдігі әділет министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігіне нысанның түпкілікті баланс ұстаушысын анықтау туралы ресми хат жолдағаны хабарланған.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 15:47