"Жекеменшікке тиесілі": Алматыдағы танымал "Қасқыр" муралы өшірілді
Әлеуметтік желіде Алматыда Бөгенбай батыр көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында орналасқан ғимараттағы “Қасқыр” деп аталатын танымал мурал алынып тасталғаны туралы ақпарат тарады. Осыған қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласының әкімдігіне сұрау салды.
Фото: facebook.com/Светлана Ибраева
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Бөгенбай батыр көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында орналасқан ғимарат жекеменшікке тиесілі.
“Осы ғимараттың қасбетіндегі "Қасқыр" муралы оның иесінің бастамасымен өшірілді. Сондай-ақ меншік иесі ғимараттың қасбеті жөндеуді қажет ететінін атап өтті”, – делінген хабарламада.
Десе де мурал қайта қалпына келтірілетін болды.
“Медеу ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері ғимарат иесімен және суретшілермен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде ғимараттың қасбетіндегі мурал қайта қалпына келтірілетін болды. Суретті қайта қалпына келтіру меншік иесінің қаражаты есебінен ауа райы қолайлы болған кезде, яғни 2025 жылдың көктемінде жүргізіледі. Муралды жоба авторлары қалпына келтіретінін атап өтеміз”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.