Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылыс орындары қаңырап, даму жоспары іске аспаған: Алматыда 203 миллиард теңгенің заңбұзушылығы анықталды

АлматыФото: Stan.kz

Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласы әкімдігінде бюджет қаражаты мен активтердің тиімді пайдаланылуына қатысты мемлекеттік тексеріс жүргізді. Аудит 2020 жылы 1 қаңтардан 2025 жылы 17 қыркүйекке дейінгі кезеңді қамтыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тексеру нәтижесінде 203 миллиард теңгеден астам соманың қаржы заңбұзушылықтары анықталды. Аудит барысында 26 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Ал 83 миллиард теңгеден аса қаржы бухгалтерлік есеп жазбалары мен орындалған жұмыстар арқылы өндірілді. Әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар 417 іс бойынша материалдар уәкілетті органдарға ұсынылды.

Аудит жоспарлау, басқару және бақылаудағы кемшіліктерді анықтады. 2021-2025 жылдарға арналған Алматының даму жоспары тиімсіз жүргізілген болып шықты. Мәселен, бірнеше іс-шаралар қаржыландырылмай, бұл белгілі бір мақсатты индикаторларға қол жеткізуге кедергі келтірген.


Жоғары аудиторлық палата тексерісінен кейін ауыл шаруашылығы саласының 28 қызметкері жазаға тартылды


Республикалық бюджеттен 862 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды – Жоғары аудиторлық палатасы


Бюджеттік инвестициялық жобалар саны 2022 жылғы 365 жобадан 2025 жылы 529 жобаға дейін артқанына қарамастан, оларды іске асыруда елеулі олқылықтар анықталды. Атап айтқанда, 2021 жылы басталған “Жас-Қанат” шағын ауданындағы 41 көпқабатты тұрғын үйдің жетеуі аяқталмаған. Сонымен қатар іргелес аумақтардың абаттандырылмауына байланысты 12 үй коммуналдық меншікке өткізілмеген.

Қалалық мобильділік басқармасы 2022–2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 миллиард теңге көлемінде негізсіз төлемдер жасаған. Ал Жер қатынастары департаментіне жерді бөлудің ашықтығын арттыру және инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайту тапсырылды. Сондай-ақ әлеуметтік жеңілдіктерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін учаскелерді мақсатты пайдалануды бақылауды күшейту ұсынылды.

Алматы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) қызметі жүйелі түрде тиімсіз деп танылды. Тұрғын үй құрылысына бағытталған шамамен 30 миллиард теңге көлеміндегі бюджет инвестициясы үш жылға жуық игерілмеген. Сонымен қатар корпорация азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндетін толық орындамаған. Ал бюджеттік несиелер тиімсіз пайдаланылып, қаржы құралдарына орналастырылған.

Аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласында стратегиялық жоспарлауды жетілдіру, активтерді басқару және бюджет тәртібін нығайтуға бағытталған бірқатар тапсырма мен ұсынымдар әзірледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бюджеттің 133 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалғаны туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 14:53