Алматыда журналист Асхат Ниязовты полиция ұстап алып кетті (видео)
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Ниязов пен оператор полиция қызметкерлерімен бірге патрульдік көлікке мінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
“Қандай хаос болып жатыр? Асхат Ниязов ұсталды. Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігінен бақылауға алуды сұраймын. Ақпарат министрлігіне сенім жоқ”, – деп жазды қоғам белсендісі Санжар Боқаев.
Ал экобелсенді Салтанат Әшімова желідегі парақшасында Ниязов Алматы әкімдігінде төбелесті деген айыппен ұсталғанын айтты.
"Олар мені әкімдікте Досаевты аңдып жүрдің деген себеппен ұстап әкетті", – деді Ниязов видеода.
Ниязовты қаладағы Бостандық аудандық полиция басқармасына апарған. Журналист Асхат Ниязовтың ұсталуының жай-жапсары белгілі болды. Полиция бөліміне өзімен бірге жеткізілген оператор қауіпсіздік қызметкерлерін видеоға түсіріп үлгерген.
"Өтіңіз. Әкімдіктің күзет қызметінен күдікті адамдардың қыдырып жүргені туралы хабарлама түскен. Оны анықтау үшін Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне бару керек. Егер келіспесеңіз, 667-бап бойынша хаттама жасалады", –дейді видеода полиция департаментінің қызметкері.
Полицей де бейнекамераны өшіруді талап етті. Редакция тілшісі полиция департаментіне хабарласып, ресми ақпарат сұрады.
“Алматы қалалық полиция департаменті, күдікті адамдардың мемлекеттік қорғауға алынған нысанды түсіріп жатқаны туралы хабарлама келіп түскенін хабарлайды. Жеке басын және істің мән-жайын анықтау үшін азаматтар Бостандық аудандық полиция Басқармасына шақырылды. Мән-жай анықталған соң олар босатылды”, – деп пікір білдірді Салтанат Әзірбек.
Еске салсақ, Асхат Ниязовтың үстінен Protenge Telegram арнасының Азаттықтағы әріптестерін қолдап жазған басылым постын бөліскені үшін іс қозғалғаны мәлім болды. Басылым істің бастапқы дереккөз иесіне емес, Асхат Ниязовтың үстінен қозғалғанына таңғалысын білдіріп, әріптесіне қолдау көрсететінін жеткізді.