Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жауыннан кейін опырылып қалған жолды төсеген мердігер жауапкершілікке тартылды

Видеодан скрин

Алматыда Аманжол көшесіндегі жауыннан кейін опырылып қалған асфальтті төсеген мердігер жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы Саин, Шаляпин, Яссауи және Жандосов көшелерінің аумағында инженерлік желілерді жүргізіп жатқан мердігер ұйымға қатысты жоспардан тыс тексерістің нәтижесін жариялады.

Тексеріс барысында мердігер "СпецСтрой Групп ЛТД" ЖШС-ның құрылыс нормаларын өрескел бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, траншеялардың беткейлері бекітілмеген, жергілікті дымқыл топырақ нығыздалмастан қайта көміліп, кейбір учаскелерде траншеяға жер асты сулары толып қалғаны белгілі болды.


Алматыда бір апта бұрын төселген асфальт опырылып, автобустар жүре алмай қалды (видео)

Алматы маңында тағы да асфальт опырылып, жүк көлігі батып кетті (видео)


Ал жауыннан кейін асфальті опырылып қалған Аманжол көшесіне мердігер инертті материал төсемеген. Топырақтың тығыздалу деңгейі талапқа сай болмағандықтан, жауын-шашын кезінде жол жабындысы отырып, терең шұңқырлар пайда болған. 

Басқарма мердігерге анықталған кемшіліктерді 2025 жылдың 8 қазанына дейін жоюды тапсырды. Егер белгіленген мерзімде кемшіліктер жойылмаса, іс сотқа жолданады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда жауын кезінде асфальт опырылып, ондаған көлікке зақым келгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 25 Қыркүйек, 2025 21:01
Талқылау