Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Жанұя" кешенінің орнына жаңа ғимарат салына бастады

Алматыда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған "Жанұя" мамандырылған кешенінің ескі ғимараты сүріліп, орнына жаңа ғимарат салына бастады.

"Жанұя" кешені — бұл балабақша мен мектеп-интернатты біріктірген мамандандырылған мекеме. Мұнда қиын жағдайға тап болған, жағдайы нашар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрып, білім алады. Бұл кешенде мүгедектігі бар балалар да тәрбиеленеді. 

"Жанұя" мамандырылған кешені қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рафаэль Гасановтың айтуынша, 1962 жылы салынған ғимарат заманауи қауіпсіздік стандарттарына сай келмейді. Осыған байланысты ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды. 

"Ғимарат апатты жағдайда болды. Бұл жер балаларға қауіпті еді. Едендері жүрген сайын сықырлайтын. Асханадан жиі су кететін, желілер тозған. Асхананың ғимараты бөлек болатын. Балаларға онда қыста бару үшін әрдайым сырткиімін киіп шығуға тура келетін. Қаңтарда жер сілкінгенде бірдеңе болып қала ма деп те қорықтық. Осындай жағдайдан кейін ғимаратты толық жөндеу немесе сүріп тастап, басынан салу мәселесі тұрды. Біз екіншісін дұрыс деп таптық", – дейді Рафаэль Гасанов.

Рафаэль Гасанов

Ескі ғимарат 2,7 гектар жерді алып жатқан. Енді онда заманауи әрі сапалы құрылыс материалдарынан жаңа кешен салынады. Мұнда балаларға арналған жатақхана кампусы ғана емес, сонымен қатар білім ордасы, спорт алаңы, шығармашылық шеберханалары, демалыс, ойын, сауықтыру алаңдары және жылыжай болады. Жоба жетекшісі Диас Тұңғышбековтің айтуынша, кешеннің оқуға арналған кампусы 400 балаға, жатақхана 200 балаға шақталады. Жобаның әр бөлігі оқушылардың қажетін ескере отырып жасалады.

"Ғимараттың жобасы жасалмай тұрып, балалардың қалауы да ескерілді. Бұрын бір бөлмеде 8-10 бала жататын. Ал жаңа кешеннің жатақханасының бір бөлмесінде көп дегенде тек төрт бала тұрады. Олардың әрқайсының өзінің жеке сөресі болады. Бұрын әр қабатта тек бір жуынатын бөлме болса, енді әр қабатта 12 жуынатын бөлме салынады. Оған қоса асхана, жататын орын, білім ордасы бір-біріне қосылып салынады. Яғни балалар ғимараттан сыртқа шықпай-ақ, қалаған жеріне бара алады. Халықаралық тәжірибелерді де қарап жатырмыз. Мәселен, Жапониядағыдай мәжіліс залы мен спорт залды бір етіп салып жатырмыз. Бұл жерді тиімді падалануға, басқа қажет орындарды салуға мүмкіндік береді. Кей балаға сауықтыру алаңы керек екен, сол себепті ем болатын тұз қойылған бөлмені де салмақпыз", – дейді жоба жетекшісі Диас Тұңғышбеков. 

Диас Тұңғышбеков

Жаңа кешеннің ғимараты үш-төрт қабаттан биік етіп салынбайды. Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін және олардың өзін мұнда "өз үйінде жүргендей" сезінуі үшін жасалып отыр.

"Қазір мүлдем жаңа, бірегей "Жанұя" концепциясы әзірленіп жатыр. Мұнда отбасы үлгісіндегі қалашық салынып, балаға өз үйінде жүргендей сезім сыйлайтындай жағдай жасалады", – дейді Әсем Нүсіпова. 

Жаңа кешенді BI Group құрылыс компаниясы толықтай өз қаржысына салып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, ғимаратты салуға 5 миллиард теңге жұмсалады. Құрылыс компаниясы аумақтағы жасыл желекке зиян келмейтінін айтады. 

"Жанұя" кешенінде 420 бала білім алады. Қазір 82 тәрбиеленушісі №1 арнайы мектеп-интернатында, ал қалған балалар басқа мектепте уақытша оқып жатыр. Балаларға дамуға және өсуге мүмкіндік беретін "Жанұя" кешенінің құрылысы 2025 жылы салынып бітеді деп жоспарланып отыр. 

Талқылау