Алматыда зейнеткер алаяқтарға 100 мың доллар аударып жіберген
Алматыда зейнеткер алаяқтарға 100 мың доллар аударып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Зейнеткер алаяқтық схеманың құрбаны болып, нәтижесінде 100 мың долларға жуық ақшасынан айырылып, бірнеше несие алуға мәжбүр болған. Оның ұлы оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Зейнеткердің ұлының айтуынша, анасына өзін қалалық су шаруашылығы мекемесінің қызметкерімін деп таныстырған ер адам қоңырау шалған. Ол техникалық қызмет көрсету жоспарланғанын, қызмет алушы мәртебесін растау үшін 1414 нөмірінен келетін кодты жазу қажеттігін айтыпты.
"Өзі алмаған несиені төлеп келді": Депутат Базарбек анасы алаяқтардың құрбаны болғанын айтты
“Артынша халыққа қызмет көрсету орталығынмын деген адам хабарласып, ақпаратының ұрланғанын хабарлады. Сосын бірден телефон соғып, өзін "ҰҚК қызметкерімін" деп таныстырып, анамның атына несие алуға әрекеттеніп жатқандарын айтып, оның нұсқауларын орындауды талап еткен”, – дейді зейнеткердің ұлы.
Бірнеше сағаттың ішінде ол алаяқтарға 48 миллион теңге аударып, екі түрлі банктен 5 миллионға несие алған.
Зейнеткер оқиға туралы отбасына айтпаған. Алайда алаяқтар қосымша аударымдар талап еткенде, ұлынан көмек сұраған. Олар полиция мен банктің қауіпсіздік қызметіне арыз жазыпты. Алайда тергеу баяу жүріп жатыр дейді зейнеткердің ұлы.
"Полиция әрекетсіз. Арада 8 күн өтті, ал тергеуші әлі бізден жауап алған жоқ”, – дейді ол.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізілуде.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда банктердің алаяқтар рәсімдеген несиелерді өтеуге міндеттелетіні туралы жазған едік.