Алматыда ұшақта балағат сөздер айтқан ресейлік азаматқа айыппұл салынды
Алматыда ұшақ бортында балағат сөздер айтқан Ресей азаматына айыппұл салынды. 30 жастағы әйелді ұсақ бұзақылық үшін көлік полициясы жауапқа тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Ол "Мәскеу-Алматы" бағытымен ұшып келген. Экипаж мәліметінше, әйел ұшу кезінде өзін орынсыз ұстап, боқтық сөздер айтып, ескертулерге құлақ аспаған және ұшақ экипажының талаптарын орындамаған.
"Тексеру барысында жолаушының ұшу кезінде өзін орынсыз ұстаған. Балағат сөздер айтып, ескертулерге мән бермегені анықталды", – деді көлік полиция департаментінің басшысы міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов.
Әйел адам ұсақ бұзақылық жасағаны және әуе кемесінде тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 25 АЕК – 92 300 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Көлік полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың 11 айында Қазақстанның авиа және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 80 813 азамат жауапқа тартылған. Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін – 677 адам, әуе кемесінде тәртіп ережелерін бұзғаны үшін – 83 адам айыппұл төлеген.
Еске салайық, бұған дейін Алматы-Сочи рейсінде мас күйінде болған жолаушы рейстен шығарылып, қамауға алынғанын жаздық. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әйел ұшаққа отырғызу кезінде мас күйде болып, авиакомпания қызметкерлеріне агрессивті мінез көрсеткен. Полиция талабына бағынбағаны үшін оның үстінен "мас күйінде қоғамдық орында жүргені", "ұсақ бұзақылық" және "тәртіп сақшысының заңды талабын орындамағаны" бойынша хаттама толтырылды. Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке қамалды. Айта кетейік, ол бұған дейін де алкоголь ішкені үшін әкімшілік жауапқа тартылған.