Садақ ату, көкпар мен қазақша күрес: Ұлттық спорт түрімен шұғылдануға болатын Алматыдағы ТОП-5 орталық
Фото: Ulyqorgan
Қазақстанда ұлттық спорттың 11 түрі белсенді дамып келеді: асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ. Оның ішінде төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне ілінді. Ал Алматыда қазақтың төл спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік беретін қандай орындар бар? Stan.kz ақпарат агенттігі бес орталықты ұсынады.
Тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ: тегін секциялар
Алматы қаласында Спорт басқарамасына қарасты “Ұлттық және ат спорт түрлері бойынша спорт клубы” базасы ашылған. Соның аясында қазақстандық азаматтар тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлеріне тегін қатыса алады. Бұл спорт түрлері бойынша бірнеше білікті жаттықтырушылар бар. Олар әр ұлттық ойынның тарихи мәнін, қауіпсіздік техникасын түсіндіріп, спортты кәсіби түрде меңгеріп шығуға көмектеседі. Бұл секцияның бәрі тегін, дегенмен оған ертерек жазылу қажет және бірнеше құжат тапсыру керек. Оны секциялар, жаттықтырушылар туралы ақпаратты, курстың қашан, қай жерде өтетінін ресми сайтынан білуге болады. Қатысушылар өзіне ыңғайлы уақытты және өзіне ұнаған жаттықтырушыны таңдауға мүмкіндігі бар. Секцияда тоғызқұмалақтың тарихы мен тактикалық тәсілдері ғана емес, сонымен қатар ұлттық ойынның философиясы мен мәдени маңызы да түсіндіріледі. Секцияға 7 жастан бастап 50 жасқа дейінгі кез келген адам қатыса алады.
“Ulyqorgan” этно клубы ұлттық рухты тереңірек сезінгісі келетін Алматы тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлайды. Бұл этно орталықты бірнеше жыл бұрын спортшы Меруерт Есенова ашқан. Мұнда атқа мінуге, садақ атуға және ат үстінде жамбы атуды үйренуге болады. Клубта ересектер мен балаларға арналған арнайы топтар бар. Барлық жаттығуларды кәсіби мамандар үйретеді.
“Бұрын жекпе-жек спортымен кәсіби түрде айналысқанмын. Кейін денсаулығыма байланысты спорттан кетуге тура келді. Бірақ ішкі рухымды, қуатымды бір арнаға жұмсағым келіп, ұлттық спортқа бет бұрдым. Сөйтіп “Ulyqorgan” орталығын аштым”, – дейді клуб негізін қалаған Меруерт Есенова.
Сонымен қатар “Ulyqorgan”-да қазақы нақыштағы фотосессиялар ұйымдастыруға болады. Мұнда ұлттық киімдер, әшекей-бұйымдар, киіз үй, тұлпар, тазы ит пен қыран бүркіт – бәрі бар. Келушілер олармен бірге фото және видеоға түсіп, әдемі естелік контент жасай алады. Меруерттің сөзінше, қала тұрғындары демалыс күндері көбіне атпен серуендеуге келеді. Ал қазақы стильдегі отбасылық фото, love story түсіру үшін енді үйленгелі жатқан жұптар келеді. Бұл қызметтердің барлығы – ақылы.
Мекенжайы: Ілияс Жансүгіров 262/2
Алматыда ат спортымен айналысуға жағдай жасалған бірқатар орталық бар. Соның бірі — “Дәукей” көкпар клубы. Клуб Көктөбе ауданында орналасқан. Мұнда бірқатар үйретілген сәйгүліктер бар. Онда орталық аумағында, қала ішінде және тау бөктерінде атпен серуендей алады. Сонымен қатар алдын ала жазылып, достарыңызбен немесе ұжыммен топ болып барып көкпар тартуға мүмкіндік бар.
Мекенжайы: Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 230/1, Көктөбе ауданы
Алматыдағы Qazaq Kuresi клубы – балалар мен жасөспірімдерге қазақ күресін кәсіби түрде үйрететін клуб. Клубтың қаланың сегіз ауданында орталығы бар. Яғни қатысушы өзіне ыңғайлы мекенжайдағы орталығына жазыла алады. Мұнда 5-8-сынып оқушылары тегін қатыса алады. Qazaq Kuresi клубы қатысушыларына кәсіби түрде күресуді үйретіп қоймай, оларды түрлі жарысқа апарып, спорт саласындағы тәжірибесі мен мансабын дамытуға көмектеседі екен.
Алматыда ұлттық садақ ату спортын үйренгісі келетіндер үшін ерекше орындардың бірі – Mergen Club. Клуб негізін қалағандардың сөзінше, бүгінге дейін бұл орталықтан 18 000 адам садақ атуды үйреніпті. Клуб ұлттық рухты жаңғыртумен қатар, заманауи жаттығу тәсілдерін де қолданады. Мұнда балалар мен ересектерге арналған жеке және топтық сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ клуб қатысушылары үшін тимбилдингтер, мерекелік іс-шаралар мен корпоративтік жаттығулар ұйымдастырады.
Алматыда Mergen Club-тың екі филиалы бар. Олардың бірі – Гоголь көшесі, 176, екіншісі – Яссауи көшесі, 176 мекенжайы бойынша орналасқан.
Клубта садақ ату өнеріне баулитын тәжірибелі жаттықтырушылар істейді. Олар ұлттық ойынның мәнін түсіндіріп әрі қауіпсіздік техникасын сақтай отырып үйретеді. Барлық филиал күнде жұмыс істейді, бірақ алдын ала жазылу керек.
Айта кетері, қазақ ұлттық спорт түрлері адамның физикалық күшін ғана емес, логикасын, ойлау жүйесін дамытады, шыдамды етеді, жасөспірімдерге зияткерлік қабілетін шыңдауға көмектеседі. Клуб қатысушылары түрлі қалалық және республикалық жарыстарға да қатыстырып отырады.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
