Алматы әкімдігі Владимир Жириновскийге ескерткіш орнату туралы сұраққа жауап берді
Ресейлік депутаттар Владимир Жириновскийдің 80 жылдығына орай Алматыда оның құрметіне ескерткіш ашпақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Жириновскийдің 80 жылдығын атап өту туралы жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин қол қойған.
“Ресей либералдық-демократиялық партиясының негізін қалаушы Владимир Жириновскийдің ескерткіштері 2026 жылы Ресей мен Қазақстанның бірнеше қаласында ашылуы мүмкін. В.В.Жириновский ескерткішінің салтанатты ашылуы 2026 жылы наурыз-сәуір айларында Саранск қаласы мен Мордовия республикасында жоспарланған. Жириновскийге арналған еске алу шаралары, ескерткіштер мен мемориалдық орындардың салтанатты ашылуы 2026 жылы сәуір-мамыр айларында өтеді”, – делінген саясаткердің 80 жылдығына арналған іс-шара жоспарында.
Сондай-ақ құжатта Жириновскийдің туған жері "шағын отаны Алматыда" ескерткіші салынатыны айтылған.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді.
Әкімдік мәліметінше, Жириновскийдің ескерткішін салу туралы ұсыныс түспеген.
“Алматы қаласының мәдениет басқармасына Владимир Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түскен жоқ. Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия тиісті ұсынысты қарастырған жоқ”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Владимир Жириновский 2022 жылы 75 жасында қайтыс болған еді. 2024 жылдың қарашасында Путин саясаткердің туған күнін 2026 жылы мемлекеттік деңгейде атап өту туралы жарлыққа қол қойған. Бұл шараларды мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин жүргізеді.
Еске салайық, 2005 жылы Владимир Жириновский "адамзат тарихында Қазақстан сияқты мемлекет болмаған" деген сөзі үшін елімізде персона нон грата тізіміне енген еді.