Алматыда үйі өртеніп кеткен көп балалы ана моншада тұруға мәжбүр
Алматыда үйі өртенген отбасы моншада тұрады. Әп-сәтте бар жиған-тергені күлге айналған ана төрт баласымен бірге жуынатын жерде бір аптадан бері түнеп жүр. Ал қызыл жалын шарпыған баспана қайта қалпына келтіруге де жарамайды. Биліктегілер төтенше жағдайлар департаментінің жауабын күтіп отырғанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.
Тау бөктерінде орналасқан жер үйдің қалай жылдам жанып кеткені Қаламқас Күлімжанованың әлі де көз алдында. Кешкі сағат сегіздің шамасында балконнан шыққан өрт аумаққа жылдам тарай бастаған. Ішінде қыстық киімдер мен кілемшелер болғандықтан, тез тұтанып кеткен.
"Балкон жана бастады. Балаларымды жинадым да, қақпаның арғы жағына шығып кеттім. Көршілер бәрі жүгіріп келді. Балконда қыстық киімдер болған. Жерде ковралин төселген. Сол ең бірінші тез жана бастады", – дейді көп балалы ана Қаласқас Күлімжанова.
Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына электр тоғының тұйықталуы әсер еткен болуы мүмкін. Сол күні бір өшіп, бір жанып тұрған көрінеді. Тіпті қырсыққанда құбырдағы су да ақпай қалғанын айтты. Өйткені жетісіне бір рет тазалық жұмыстары жүргізіледі екен.
Қызыл жалын шарпыған баспана тау бөктерінде болғандықтан өрт сөндірушілер келгенше біраз уақыт өтіпті. Оған дейін үйдің сау тамтығы қалмай өртеніп кеткен. Білікті құрылыс мамандары аядай мекенді қалпына келтіру мүмкін еместігін жеткізіпті. Сондықтан дәл осы маңайдан шағын ғана үй көтеруден басқа амалы жоқ.
Жолдасымен ажырасып, төрт баласын өзі бағып отырған Қаламқас қазір жұмыссыз екенін жеткізді. Жиған дүниесінің барлығы өртеніп кеткендіктен, енді не істерін білмей дал. Ал аудан әкімдігі көп балалы анаға қол ұшын беруге әзірміз, бірақ күту қажет екенін айтады.
"Қазір біз Төтенше жағдай мамандарының қорытындысын күтіп отырмыз. Осыдан кейін қаржылай өтемақы төлеу туралы құжаттарды әзірлейміз. 15 күннің ішінде құжат келуі тиіс. Алты айдың ішінде өтемақы да төленуі мүмкін", – деді Наурызбай ауданы әкімінің аппараты әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Әсел Жүнісова.
Өртенген баспана иесі жеке меншік жерінде орын болғандықтан енді оған шағын болса да үй тұрғызып алуды көздеп отыр. Өйткені моншада қыста түнеу мүмкін емес екенін айтады. Қазірдің өзінде әйел кеші салқын, іші тар екенін айтуда.
"Тар. Қазіргі кешкі уақыттарда салқын. Түнде суық. Бірақ басқа баратын жерім жоқ. Не болатынын білмеймін", – дейді көп балалы ана.