Алматыда тұрғындар қаланың қақ ортасында салынып жатқан құрылысқа наразы болды
Алматының қақ ортасында тоғыз қабатты үйдің салынуы тұрғындардың ашуын туғызды. Қала орталығындағы тығыз құрылысқа шектеу қою туралы жылдар бойы айтылып келсе де, "Поток 8" құрылыс компаниясы Алматыны жоспарлау және урбанистика басқармасымен соттасып жүріп, үй салуға рұқсат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: сюжет кадрларынан
Қоршаудың ар жағында бұған дейін жер үйлер болған. Алайда бір ай бұрын олар сүріліп, аумақта аяқасты құрылыс басталған. Бірақ тұрғындар бұл туралы қарашаның басында ғана білген. Айтуларынша, құрылыс аумағынан олардың ауласына дейінгі қашықтық бар-жоғы жеті метр.
“Біздің трансформаторға олардың электр желісін қосып, электр энергиясына қосымша қысым болғандықтан, бізде жарық өшіп қалды. Қатты қысымнан тұрмыстық техниканың бәрі істен шықты”, – деді Жандос Тұрдәлиев.
Тұрғындардың айтуынша, келісім алмақ түгілі, құрылыс туралы ескертілмеген. Олар құзырлы орындарға шағымданғаннан кейін ғана мұнда нысанның төлқұжаты ілінген. Алайда нысанның мекенжайы құжатта басқаша көрсетіліпті.
“Сағат сегізден бастап, қараңғы болса да, жарық жағып істей береді. Мына жерде у-шу. Терезені ашуға болмайды. Ауа жоқ. Үй салса, таулар түк көрінбейді. Жарық мүлдем болмайды. Бұл не сұмдық!?” – деді Ләтипа Смағұлқызы.
Құрылыс компаниясындағылар, керісінше, электр трансформаторын жаңалап жатқанын жеткізді. Тіпті құрылыстың тұрғындарға еш зияны жоғына сенімді.
“Бәрі заңды. Біріншіден, мына жерге бізге әкімдік рұқсат берген жоқ. Бірақ сот арқылы шешіп, рұқсат алдық. Барлық құжатымыз бар, заң бойынша салынып жатыр”, – деді "Поток 8" құрылыс компаниясының атқарушы директоры Ардақ Рысқұлбеков.
Алматы сәулет және құрылыс басқармасындағылар бастапқыда құрылысқа рұқсат бермегенімен, қазір сот шешіміне қарсы келе алмайтынын жеткізді.
Тұрғындар құрылысты тез арада тоқтатып, оның орнына саябақ салып берсе деген өтінішпен сотқа жүгінбек.