Алматыда трамвай қайта іске қосылады: Қай бағытта жүреді
Фото: transphoto.org
"Алматы бас жоспары ғылыми-зерттеу институты" бас директоры Асхат Сәдуов Алматыда трамвайды қайта іске қосу желілерінің бағыттарын атап шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда өткен SHARE халықаралық архитектуралық форумында Асхат Сәдуов қалада трамвай қайтадан пайда болатынын мәлімдеді.
"Трамвай "Барлық" базарынан Төле би көшесі бойымен қалпына келтіріледі. Сол бұрынғы дәлізде жүреді. Біз оны әуежай бағытына дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, яғни қаланың батысы мен шығысын байланыстырамыз. Бұл қаланың негізгі көші-қон дәліздері. Біздің мақсатымыз – адамдардың 20 минут ішінде полиорталықтар арасында қатынай алуына жағдай жасау. Бұл әлемдік тәжірибе әрі қисынды шешім", – деді ол.
Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Сәдуовтың айтуынша, жүзеге асыру мерзімі келісімшарт форматына және қаржыландыру көздеріне байланысты болады.
"Егер бұл EPC+F (жобалау, құрылыс және қаржыландыру) болса, онда бес жыл ішінде трамвайды іске қосуымыз мүмкін. Құрылыс созылған сайын ол қымбаттайды, сондықтан инвестор тарту шығынды азайтады", – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар "Алматыбасжоспар" басшысы Райымбек даңғылы бойымен салынып жатқан жаңа BRT желісі қажет болған жағдайда трамвайға бейімделуі мүмкін екенін айтты.
"Трамвайдың жолаушы өткізу мүмкіндігі BRT-ден жоғары. Сол себепті қажет болса, бұл желі трамвай желісіне айналады", – деді ол.
Электр энергиясы өшкен жағдайда туындауы мүмкін қауіп туралы сұраққа Асхат Сәдуов қазіргі трамвайлар электробустар секілді аккумулятормен жабдықталғанын, бұл олардың қосымша жүріс қорын қамтамасыз ететінін айтты.
"Қазір технология қатты дамыды. Трамвай бұрынғыдай көп электр энергиясын тұтынбайды. Энергия үнемдейтін шешімдер қолданылып жатыр", – деді ол.
Астанада LRT құрылысын қаржыландыру үшін жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік сатылымға шықты
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Желтоқсан көшесінде 4,6 шақырымдық жаңа BRT жолағы салынатынын жаздық. Ол Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы бағытты Райымбек батыр даңғылындағы желімен жалғайды. Жоба биыл аяқталып, автобустардың жылдамдығы 40%-ға, жолаушылар ағыны 30%-ға артады деп жоспарланған.

"Отаға 33 миллион теңге қажет": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлер кесар тілігін жасап, қуығын тесіп жіберді деп айыптады
