Алматыда тау бөктеріне тұрғын үй кешендерін салуға тыйым салынды
Фото: istockphoto.com
Алматыда тау етегіндегі аумақтарға көппәтерлі тұрғын үй кешендерін салуға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай шешімді қалалық мәслихат депутаттары қабылдады. Енді тау бөктеріне құрылыс салуға тек әлеуметтік және туристік нысандарға ғана рұқсат беріледі.
Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Жаңбыршының айтуынша, 2019 жылы Қарасай және Талғар аудандарының бір бөлігі қалаға қосылғаннан кейін Алматыда Ерменсай, Ремизовка және Қарағайлы секілді 29 жаңа шағын аудан пайда болған.
Алматыдағы 40 қабатты ғимараттың құрылысы жалғасатын болды
"Жабайылар": Алматылықтар тарихи мектептің сүрілуіне қарсы шықты
Қазір бұл аймақтарда 170 мыңнан астам адам тұрады. Алайда инженерлік және көлік инфрақұрылымы дамымағандықтан, бұл аудандарда жолдар мен коммуналдық желілердің шамадан тыс тозуы мәселесі пайда болған. Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, тексеріс нәтижесінде заңсыз құрылыс, беткейлердің кесілуі және дренаж жүйелерінің болмауы сияқты жағдайлар анықталған. Соның салдарынан көшкін мен су басу қаупі де артқан.
“Мораторий көппәтерлі тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерін салуға тыйым салуды көздейді, тек бас жоспарда көрсетілген әлеуметтік және туристік инфрақұрылым нысандары ғана бұл ережеден тыс қалатын болады. Сонымен қатар, қолданыстағы нысандарды қайта құру және күрделі жөндеу белгіленген параметрлер шегінде рұқсат етіледі”, – деді Алмас Жаңбыршы.
Қаланың бас жоспарын 2026 жылдың мамырына дейін жаңартып, бекіту жоспарланған.
Депутаттар әкімдік өкілінен әлеуметтік және туристік нысандарға қандай ғимараттардың жататынын нақтылауды сұрады.
Алмас Жаңбыршының айтуынша, оларға мектептер, ауруханалар, балабақшалар, қонақ үйлер және рекреациялық аймақтар жатады. Сонымен қатар нысандардың қабат санына қойылатын шектеу де сақталады, ең көбі үш қабат немесе 12 метр.
Еске салсақ, бұған дейін алматылықтар орталық саябақта салынып жатқан ғимаратқа наразылық білдірген еді.
"Баланың тірі не өлі екені белгісіз": АҚШ азаматы бұрынғы қазақстандық әйелін баласын "ұрлады" деп айыптап, сотқа берді