Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда такси жүргізушісі шетелдіктен жолақыға 200 мың теңге алған

Алматыда шетелдік азаматты әуежайдан қонақүйге дейін 400 еуроға жеткізген такси жүргізушісі жазаланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

3 мамыр күні Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне 30 жастағы Ресей Федерациясының азаматы арызданған.

Ол әуежайдан Марков көшесіне дейін 400 еуроға (шамамен 200 мың теңге) жеткізген такси жүргізушісіне шара қолдануды сұрады.

"Жедел-іздестіру шарасы барысында арызданушыны діттеген жеріне жеткізген "Мерседес-Бенц" көлігінің иесі – 27 жастағы Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Жауап алу кезінде ер адам өз кінәсін мойындап, азамат Кулаковқа ақшаны толығымен қайтарып берді", – деп хабарлады көліктегі полиция департаментінен.

Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

15 мамыр күні Алматы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен оған 21 150 теңге айыппұл салынды.

Өз кезегінде азамат Кулаков көлік полициясы қызметкерлеріне алғысын айтты.

Талқылау