Алматыда сарбазды ұрып-соғып, өліміне себеп болған лейтенантқа үкім шықты
29 қазанда Алматы гарнизоны әскери соты сарбаз Досымжан Сәлімжанның өлімі бойынша шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Азаттық радиосы/ Санат Нұрбеков
Сарбаз әскерде борышын өтеп жүргенде соққыға жығылғанын айтқан еді. Кейін ол госпитальде көз жұмды.
Прокурор соттан айыпталушыға 7 жыл жаза беруді сұраған. Мемлекеттік айыптаушы Шәкіров әскери антын бұзып, қылмыс жасады деді. Ол командирдің қылмыстық әрекеті сарбаздың өлімімен ұштасқан ауыр зардапқа әкеп соқтырды деп мәлімдеді. Прокурордың сөзінше, оның кінәсі толық дәлелденген.
Айыпталушы Жанбота Шәкіров сарбаздың өліміне "қатысым жоқ" деді. Ол лауазымды міндетіне, антына берік болғанын айтты.
“Марқұмның өліміне қатысым болса, іс-әрекетімді мойныммен көтеріп, тиісті жазамды алар едім. Сонау жерден әке-шешемді жүгіртпес едім. Осы оқиға болған кезде прокурорларға өзім барып, баяндағанмын. Жауыздық іс-әрекеттен аулақпын”, – деді Шәкіров.
Оның адвокаты куәлер сөзін күмәнді, қылмыс дәлелденбеді деп санайды.
Шәкіров сотта Досымжан Сәлімжанның ата-анасынан кешірім сұрады, сарбаздың анасы Ардақ Иманғалиева көзіне жас алды.
“Отанын қорғауға барған азаматтар арасында ұрып-соғу, өлтіру тоқтауы үшін менің балам құрбан болуы керек болған шығар. Құрбан болып та кетті. Ең жоғарғы жаза сұраймын”, – деді Иманғалиева.
Жанбота Шәкіров "Билiктi асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Сот оны лейтенант атағынан айырды.
2023 жылғы қазанда Атырау облысы Құлсары қаласынан әскерге шақырылған 19 жастағы Досымжан Сәлімжан борышын Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы №29108 әскери бөлімінде өтеп жүрген. Биыл 3 мамырда бүйрегі ауырғаннан әскери госпитальге түскен жауынгер он күннен соң сонда қайтыс болды. Клиникалық диагноз бойынша, Сәлімжанның өлімі "бүйрек ауруынан" болған. Сот-медициналық диагнозда "қолқа аневризмасы жыртылғаннан" болды деген. Айыптау актісінде Шәкіровтің Досымжанды жиі ұрғаны жазылған.