Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда блогер аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырды: Полиция іс қозғады

бала аутистФото: pixabay.com

Ата-аналардың шағымынан кейін Алматы полициясы аутизмі бар балаларға қатысты блогердің әлеуметтік желідегі пікірінен кейін тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Пайдаланушылар Жұмамұратованың жазбаларының скриншоттарын таратты.

"Аутистер тым көбейіп кетті, оларды емдеу керек, егер емделмесе, өлтіріп немесе арнайы аутизмге арналған ауруханалар ашу қажет. Аутизмі бар баланың ешқандай сезімі жоқ! Әке-шешесі неге қарамайды? Ата-аналар балаларының диагнозын біле тура, неге ай қарап жүреді?” – деп жазған блогер.

скриншот блогерФото: Оқырмандардың скрині

"Аутизм Қазақстан" ассоциациясының ресми Instagram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ұйымға блогер Райхан Жұмамуратованың әлеуметтік желідегі жазбасы туралы азаматтардан жаппай өтініштер түсе бастаған.

"Аталған пікір Алматыда 2025 жылдың 23 тамызында болған қайғылы оқиға жайлы жазба астына қалдырылған. Ол кезде 13 жастағы жасөспірімнің (ресми диагнозы көрсетілмеген, бірақ дамуында ерекшелігі болуы мүмкін) әрекетінен екі жасар бала зардап шеккен", – делінген хабарламада.

Ата-аналардан шағым түскен соң, ассоциация бас прокуратураға және ішкі істер министрлігіне ресми хат жолдаған. Бұл мәселеге қатысты Алматы қалалық полиция департаменті де Instagram-дағы ресми парақшасында түсініктеме берді.

"Ішкі істер министрлігіне "AUTISM KAZAKHSTAN" ұлттық ассоциациясынан ерекше балаларға қатысты пікірлерді орналастыру фактісі бойынша өтініш келіп түсті", – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, блогердің жеке басын анықтағанын және заң аясында шара қолданатынын хабарлады.

Сонымен қатар ведомство өкілдері әлеуметтік араздықты қоздыру, қорлау, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын материалдар үшін қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

"Қылмысқа шақыратын немесе азаматтардың құқықтарын бұзуға бағытталған кез келген пікірлерге жол берілмейді", – деп қосты департамент.


Автобуста аутизмге шалдыққан баланы балағаттаған әйелдің әрекеті желі қолданушыларын ашуландырды (видео)


Алматыда жасөспірім аулада ойнап жүрген 2 жасар баланы жерге лақтырып жіберген (видео)


Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы жекеменшік түзету орталығында 9 жасар аутизмі бар қызға мұғалім күш көрсеткен видео жарияланды. Анасы тергеу жүргізіп, кінәлі маманды жазалауды талап етті.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 10:02
Талқылау