Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 2026 жылдың соңында қатты отынды пайдалануға тыйым салынады

Фото: Stan.kz 

Экология және қоршаған орта басқармасы Алматыда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым 2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап енгізілетінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл 2025 жылғы 30 желтоқсанда мәслихат шешімімен бекітілген атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының 52-тармағына байланысты. Бұл тармақ тек газдандырылған аудандарға ғана қолданылады.

"Құжатта газбен жабдықтауға қолжетімділік болған жағдайда жеке тұрғын үйлерде, моншаларда және көппәтерлі үйлерді жылытатын жеке қазандықтарда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салу қарастырылған. Ерекше жағдай ретінде тек төтенше жағдайларда – жылу және энергиямен жабдықтаудың резервтік көздерін пайдалану кезінде ғана рұқсат етіледі", – деп атап өтті басқармада.

Талаптар жылу қазандықтарын пайдаланатын шаруашылық субъектілеріне де қатысты.

Сондай-ақ қағидаларға сәйкес, шығарындылар көздері ластаушы заттарды тазарту қондырғыларымен міндетті түрде жабдықталуы тиіс.



Экологиялық нормалар арнайы техникаға, бензин және дизель генераторларына да қатысты. Сондықтан жаңа шектеулер газдандырылған аудандардағы жеке тұрғын үйлерге де әсер етеді.

Әкімдік мәліметінше, Алматыдағы жеке сектордың газдандыру деңгейі шамамен 99,6%-ды құрайды. Бұл "үй иеліктерінің басым бөлігінде табиғи газға қосылуға техникалық мүмкіндік бар" дегенді білдіреді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 16:00