Алматыда 12 жастағы қыз он үшінші қабаттан құлап, көз жұмды
Алматыда 12 жастағы қыз көпқабатты үйдің он үшінші қабатынан құлап, көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: HALYQSTAN
Әлеуметтік желіде Алматыда 12 жастағы қыз көпқабатты үйдің он үшінші қабатынан құлап кеткені туралы ақпарат тарады. Қыздың қосымша сабаққа бару үшін үйінен шыққаны айтылады.
"12 жасар қыз қосымша сабаққа баруы керек еді, бірақ ол 7-қабаттағы пәтерінен шығып, 13-қабатқа көтеріліп, балконнан секіріп кеткен", – делінген ақпаратта.
Желіде тараған ақпаратта қыздың қауіпті ойын ойнағаны туралы айтылды. Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Осы факті бойынша Бостандық аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Көз жұмған баланың қауіпті ойындар ойнап, өз-өзіне қол жұмсау туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Алматы қалалық полиция департаменті жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін 16 қыркүйекте Алматыда екі оқушы қыз белгісіз жағдайда тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлап қаза тапқаны туралы жазған едік. Жергілікті тұрғындардың дерегінше, оқиға Жамбыл мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында болған. Қыздар тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлаған.
Кейіннен Алматыда екі оқушы қыздың өлімінен кейін көпқабатты үйлердің барлық шатыры тексерілетіні хабарланған еді.