Алматыда мейрамхананың ойын бөлмесінде ер адам 6 жасар баланы кеудесінен бірнеше рет ұрған (видео)
Скрин: mirumirkid Instagram парақшасынан алынды
Алматы қаласындағы мейрамханалардың бірінің ойын бөлмесінде белгісіз ер адам кішкентай баланы екі рет ұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 4 мамырда болған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, белгісіз ер адам 6 жасар баланың кеудесінен екі рет ұрған. Сол сәтте бала арқасын ұстап, қиналып, не істерін білмей қалған. Бөлмеде отырған жасөспірім қыз ер адамға ескерту жасаған кезде, оған да айғайлаған. Баланың анасы келгенде ер адам кешірім сұраудың орнына дөрекі сөйлеген.
“Полицияға 7 рет қоңырау шалып, үш сағат күттік. Олар келген кезде әлгі адам қашып кетті. Полиция бөлімшесіне өзіміз баруға мәжбүр болдық. Дәрігерлер баламның кеуде қуысы көгерген деген диагноз қойды. Кейін шабуыл жасаған ер адам қала әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі екенін білдік. Бейнебақылау камераларында дәлел болғанына қарамастан, қылмыстық іс жабылды. Істің жабылғанын бізге ешкім хабарламады”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қалалық балалар омбудсмені Диана Ерлан пікір білдірді.
“Алты жасар баланың соққыға жығылуына байланысты іс баға беру үшін прокуратураға жолданды. Баланың анасы және қорғаушысымен байланыстамыз. Оқиғадан кейін бірден балаға психологиялық қолдау көрсетілген”, – дейді омбудсмен.
Ал Алматы қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Аталған факті бойынша Медеу аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Объективті мән-жайлар анықталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады. Айта кетейік, оқиға орнына учаскелік инспектор "102" пультіне сигнал түскеннен кейін 6 минуттан соң жеткен”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланы еденге құлатып, басынан ұрғаны туралы жазған едік. Салдарынан бала кекештеніп, кіші дәретін жіберіп қоя беретін болған.

Павлодарда "Қауіпсіз қала" жобасын іске асыруға 8,6 млрд теңге жұмсалмақ, Қытай Deep Seek-ті жасауға одан үш есе аз жұмсады – Депутат
