Алматыда көпқабатты үйдің кіреберісін өз қаражатына жөндемек болған азаматқа айыппұл салынды
Фото: Видео кадрларынан скрин
Алматыда көпқабатты үйдің кіреберісін өз қаражатына жөндеп, жақсылық жасамақ болған тұрғынға полиция айыппұл салды. Оның бұл әрекеті ереже бұзу деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кіреберіс алдына келген учаскелік инспекторлардың әрекетін тұрғын видеоға түсіріп алған. Бейнежазбада ол полиция қызметкеріне не болып жатқанын түсіндіріп, айыппұлдың себебін сұрап жатыр. Өз кезегінде полицей азаматтың тұрғын үй ережелерін бұзғанын айтады.
"Өз қаражатыммен кіреберісті жөндеп жатырмын. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Кешке дейін бәрі жиналып, тазаланады. Күндіз келіп, учаскелік инспектор 39 мың теңге айыппұл жазып кетті" – дейді видеожазба авторы.
Ол полицейден: "Неге алдымен ескерту берілмейді?" – деп сұраған.
Учаскелік инспектор болса, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстегі кейбір баптарда ескерту қарастырылмағанын, бірден айыппұл салынатынын түсіндірді.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді:
-
Алматыда самокатшы тротуарда жүргені үшін ескерту жасаған ер адамның көзінен ұрған
-
2026 жылы қазақстандықтар жиі төлейтін айыппұлдар көлемі өседі
"27 тамыз күні Бостандық ауданында учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік аумақты аралау барысында тұрғын үйдің кіреберісі алдында құрылыс қалдықтары қойылғанын анықтады. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігі (Қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру ережелерін бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру, жасыл желектерді жою немесе зақымдау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", – деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ департаментте жөндеу жұмыстары жеке қаражатқа жүргізілсе де, қоқыс үйіп, тұрғындарға қолайсыздық тудыруға болмайтынын атап өтті. Алайда 505-баптың өзінде бастапқыда ескерту беру мүмкіндігі қарастырылған.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік