Алматыда шөпті жасыл түске бояғандар желіде талқыға түсті (видео)
Фото: Видеодан скрин
Алматылықтарды жол жиегіндегі сарғайған шөпке жасыл түсті сұйықтық шашып жүрген коммуналдық қызметкерлердің әрекеті таңғалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұмыстар Шығыс айналма жолының бойында жүргізілген. Кадрларда жұмысшылардың сарғайған шөп жамылғысына жасыл түсті сұйықтықты шашып жүргені анық байқалады.
Бұл жөнінде Алматы Медеу ауданының әкімдігінен түсініктеме берілді. Әкімдіктің мәліметінше, бұл көгалдандыру жұмыстары аясында атқарылып жатқан іс-шара.
"Биылғы қуаңшылықты ескере отырып, Медеу ауданында көгалдың эстетикалық келбетін сақтау үшін құрамында тыңайтқыштары бар арнайы тағамдық бояғыш қолданылады. Бұл құрал органикалық пигменттер негізінде дайындалады. Улы заттар жоқ және адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз. Ол шөп жамылғысына жасыл реңк беріп, ұқыпты көрініс сақтауға көмектеседі", – деп мәлімдеді Медеу ауданы әкімінің аппараты.
Сонымен қатар мұндай материал ауа райы қолайсыз аймақтарда шетелдің бірнеше өңірінде кеңінен қолданылатыны айтылды.
"Перде де керек емес": Қостанайда жөндеу жұмыстары кезінде тұрғын үйдің терезесін де бояп тастаған
Еске салайық, бұған дейін 25 маусымда президент Тоқаевтың сапары алдында Ақтөбеде таңғы бестен бастап көшелер жуылып, жол белгілері боялды. Тұрғындар ағаш жапырақтарының жасыл бояумен боялғанын байқап, желіде әкімді сынға алды. Әкімдік мұны жоққа шығарып, тек жоспарлы күтім жүргізілгенін айтты.